ҚАРЖЫЛЫҚ ЕСЕПТІЛІК САПАСЫ – ТИІМДІ МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУДЫҢ НЕГІЗІ

Жетісу облысы бойынша тексеру комиссиясының ұйымдастыруымен «Қаржылық есептілік аудитінің өзекті мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараға Жетісу облысы бойынша тексеру комиссиясының мүшелері мен қызметкерлері, Сарқан ауданының жергілікті бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелердің бухгалтерлік қызмет өкілдері, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Дөңгелек үстелдің негізгі мақсаты — мемлекеттік мекемелерде қаржылық есептілікті қалыптастыру барысында жиі кездесетін мәселелерді талқылау, аудит барысында анықталған бұзушылықтарды саралау және олардың алдын алу тетіктерін қарастыру болды.

Іс-шара барысында аудит нәтижелері мемлекеттік мекемелерде қаржылық есептілікті жүргізуге қатысты бірқатар жүйелі кемшіліктердің сақталып отырғанын көрсетті.

Атап айтқанда, бюджеттік кредиттерді бухгалтерлік есепте дұрыс танымау мәселесіне ерекше назар аударылды. Кейбір мекемелерде бюджеттік кредиттер тиісті бухгалтерлік шоттарда көрсетілмеген немесе қаржылық есептілікте толық көлемде танылмаған. Бұл өз кезегінде қаржылық активтердің бұрмалануына және есептіліктің шынайылығына кері әсерін тигізеді.

Сонымен қатар, негізгі құралдарды бухгалтерлік есепке алу барысында да бұзушылықтар анықталған. Жекелеген жағдайларда негізгі құралдар актив ретінде уақытылы танылмаған немесе олардың бастапқы құны дұрыс қалыптастырылмаған. Мұндай кемшіліктер мемлекеттік мүліктің нақты көлемін айқындауға және қаржылық есептіліктің дұрыстығына теріс ықпал етеді.

Дөңгелек үстелде Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 134-бабының 4-тармағына сәйкес аудан бюджетінің атқарылуы туралы жылдық қаржылық есептілік құрамына бухгалтерлік баланс, қаржылық қызмет нәтижелері туралы есеп, таза активтер (капитал) өзгерістері туралы есеп, ақша қаражаты қозғалысы туралы есеп және түсіндірме жазба кіретіні атап өтілді.

Сондай-ақ аудит барысында бюджеттік кредиттер бойынша есептелген сомаларды шығыс ретінде тану кезінде де кемшіліктер орын алғаны белгілі болды. Кейбір мекемелерде шығыстар есепті кезеңге сәйкес танылмай, қаржылық есептілік көрсеткіштерінің бұрмалануына жол берілген.

Талқылау барысында анықталған бұзушылықтардың негізгі себептері ретінде бухгалтерлік есеп стандарттары талаптарының жеткілікті деңгейде сақталмауы, ішкі бақылау жүйесінің әлсіздігі және қаржылық есептілікті әзірлеу кезінде талдау жұмыстарының жеткіліксіз жүргізілуі аталды.

Осыған байланысты мемлекеттік мекемелердің бухгалтерлік қызметтеріне бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік стандарттарының талаптарын қатаң сақтау, активтер мен міндеттемелерді уақытылы әрі дұрыс тану, сондай-ақ ішкі бақылау тетіктерін жетілдіру жөнінде ұсынымдар берілді.

Дөңгелек үстелде ақпараттық жүйелерді тиімді пайдалану мәселесіне де ерекше назар аударылды. Аудит барысында мемлекеттік мекемелер мен ауылдық округтердің қаржылық есептіліктері «Ақпараттық-есеп орталығы» серверіне уақытылы жүктелетіні анықталғанымен, жинақталған деректердің талдау жүргізу мен басқарушылық шешімдер қабылдау мақсатында толық пайдаланылмай отырғаны айтылды. Қазіргі таңда бақылау негізінен есептіліктің қабылданғаны туралы хабарламалармен ғана шектеледі.

Қатысушылар ақпараттық жүйелердің талдамалық мүмкіндіктерін толық пайдалану қаржылық есептіліктің сапасын арттырып қана қоймай, ведомстволық ұйымдардың қаржылық жағдайын тиімді мониторингтеуге және негізделген басқарушылық шешімдер қабылдауға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша мемлекеттік мекемелердің бухгалтерлік есеп жүргізу сапасын жетілдіру, қаржылық есептіліктің ашықтығы мен шынайылығын қамтамасыз ету, сондай-ақ аудит барысында анықталған бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстарды күшейту жөнінде нақты ұсынымдар берілді.

Қаржылық есептіліктің сапасын арттыру — мемлекеттік қаржыны тиімді басқарудың, бюджет қаражатының мақсатты әрі ұтымды жұмсалуын қамтамасыз етудің және мемлекеттік сектордағы қаржылық тәртіпті нығайтудың маңызды кепілі екені ерекше атап өтілді.

Ш.Сыздыкова,

Жетісу облысының тексеру комиссиясының бас инспектор-мемлекеттік аудиторы.

Мәліметпен бөлісу: