Әлемдегі індеттің таралуы бүгінде біздің елімізде де орын алып отыр. Қашықтықтан оқыту көп жылдан бері оқу орындарында дәстүрлі түрде өз орнын тауып келген оқытудың бір түрі екендігі бәрімізге мәлім. Дегенмен, қазіргі таңда әлемде болып жатқан індеттің таралуына байланысты бұл оқыту түрінің маңыздылығы арта түсті. Себебі еліміздегі колледждер Covid-19-дың таралу қаупіне байланысты өз жұмыстарын тоқтатып, студенттерді қашықтықтан оқытуға кірісті. Қашықтан оқытуға көшуге дайындық барысында колледж студенттерінің компьютермен қамтамасыз етілуі туралы ақпарат жинақталып, мониторинг жүргізіліп, нәтижесінде компьютерлері жоқ студенттерге уақытша пайдалануға компьютерлер берілді.
Ал қашықтықтан оқыту босаңсуға жол бермейді, өйткені қазіргі заманғы технологиялар оқу үрдісінің барлық кезеңдерін қашықтық форматқа көшіруге толығымен мүмкіндік береді. Яғни, қашықтықтан оқыту карантин жағдайында оқу үрдісін жалғастыруға мүмкіншілік туғызып отыр. Сарқан гуманитарлық колледжінің ұжымы қашықтықтан “Zoom”,“GoogleСlаss rооm” платформаларында жұмыс жасауда.Түрлі тақырыпта өз тәжірибелерімен бөлісуде. Колледж оқытушыларының интернет желісіне қашықтықтан оқытуды ұйымдастыру бойынша бейнесабақтар каталогі құрылып, көрсетілген сілтемелерді басып, сабақ жүктеуге, қолдануға мүмкіндіктер жасалған. Білімгерлерге онлайн лекцияларды көруге платформаларда жұмыс істеу көрсетілген. Колледждің ютуб каналына оқытушылардың сабақтары орналасқан. Қашықтықтан оқыту жүйесінің рөлі білім саласы үшін өте жоғары, себебі бұл жүйе арқылы оқытушыларымыз бен студенттеріміз әлемдік ақпараттармен байланысуға, ғылыми және шығармашылық жұмыстарын жетілдіруге, әлемдік ақпарат кеңістігінде өздерінің білімдерін шыңдауға зор мүмкіндік алады. Осындай сан қырлы, әрі күрделі мәселелерді жүзеге асыруда колледж ұжымының атқарар рөлі орасан зор. Оларға әрі ауыр, әрі жауапты міндет жүгі жүктеліп отыр. Оқытушылар оқу бағдарламасының құрылымын дайындайды, оны қашықтықтан білім беру жүйесімен бейімдейді, оқу үрдісінің барысын қадағалап, тапсырмаларды орындау барысында, студенттердің өз бетімен бақылау-пысықтау жұмыстарын орындау жөнінде ұсыныстар береді. Бұл ретте қашықтықтан оқыту жүйесінің әдістерінде көрсетілгеніндей, көңіл-күй, психологиялық қарым-қатынас та назардан тыс қалмауда.
Әрине, кез келген оқыту түрі біржақты бола бермейді. Яғни, оның өз артықшылықтары мен кемшіліктері де болады. Алматы облыстық әдістемелік кабинетінің ұйымдастырып жүрген вебинарларының материалдарының көмегімен кез-келген тұлғаның білім алу қажеттіліктерін қанағаттандыруға мүмкіндіктер жүзеге асырылуда.
Міне, осындай күрделі де қызықты, жауапкершілігі мол мамандықты таңдап, әлемді мойындатқан уақытша қиын-қыстау кезеңде жалықпай, мойымай еңбектеніп жүрген өзімнің әріптестеріме алғысым шексіз! Қашықтықтан оқыту барысында бірігіп, ұйымшылдықпен атқарылған жұмыстардың оң нәтиже беруі де білікті ұстаздарымыздың үлесі екені сөзсіз.
БІЗ БІРГЕМІЗ!
Сәуле Аязбаева,
Сарқан гуманитарлық колледжінің әдіскері.