Ұлы Жеңіске – 80 жыл

Біз бұл кісімен ондаған жылдар пікірлес болдық. Майдангер ұстаздың өткеннің өнегесі туралы ұлағатты әңгімелерін тыңдадық. Қай жерде болса да үлкендігін танытып, ұстаздық қалпынан айнымай әдемі қартайды.
Жұмагелдин ҚұсайынСарқан қаласындағы Абай атындағы орта мектептің 10-класында оқып жүргенде алдағы асыл армандары алыстап, кенеттен бұрқ ете қалған Ұлы Отан соғысына оның да аттануына тура келеді. Майдан жолы бұрынғы 316-атқыштар дивизиясы, кейінгі генерал Панфилов басқарған 8-гвардияның 1075-полк құрамында басталды. Ол Калинин, Клин қалаларын азат ету ұрысында ауыр жараланды.
Осылай жиырмадан жаңа асқан жас жігіт ауыр жарақаттан оңала алмай 1943 жылы қазан айында жастық шағын өткізген Шатырбай ауыл кеңесіне қарасты Ағарту колхозындағы отбасына оралды. Сол жылы Ағарту орталау мектебіне математикадан сабақ беретін мұғалімдікке қызметке алынды. 1945-1946 жылы Лепсідегі педагогикалық училищені сырттай оқып бітіріп, бастауыш сынып мұғалімі атанды. Кейіннен Алматыдағы Абай атындағы педагогикалық институттың физика-математика факультетін сырттай оқып бітіріп, осы мамандық бойынша үзбей 46 жыл мұғалім болды. Коммунистік партияның айдарынан жел есіп тұрған кезінде оның 40 жыл мүшесі және насихатшысы болды. Мұнымен қатар 22 жыл мектептегі бастауыш партия ұйымының хатшысы, бірнеше рет аудандық, ауылдық кеңестің депутаты болып сайланды. Аудандық оқу бөлімінің ұсынысымен есімі ауданның Құрмет кітабына жазылды.
Көре-көре көсем, сөйлей-сөйлей шешен болған Құсекең ақсақал 1993 жылы Алматы қаласындағы “Наурыз” қоғамы ұйымдастырған “Қарттарым – қазынам” деген ақсақалдар байқауына қатысып, бірінші орынды жеңіп алды. Ескелді бидің 300 жылдық мерейтойында Сарқан ауданы бойынша Орманбет бидің тұлғасын жасады. Қарасай батырдың 400 жылдық тойында облыста өткізілген Рух мерекесіне делегат болып қатысты. Алматыдағы Жамбыл Жабаев атындағы № 161 көп салалы орта мектеп-гимназияның шақырылған қонағы болып, қазақтың әдет-ғұрып, салт-дәстүрінен әңгіме өткізіп қайтты. Ауданымыздағы “Осы жұрт Ұлы Абайды біле ме екен”, “Атакәсіп — елге нәсіп”, “Қызыл қырман”, Алмалы ауылында өткізілген “Қарты бардың — қазынасы бар” атты бас қосуларға жетекші, ақылшы болды.
Қашан көрсең елдің қамын жеп, ауылдың алуан қам-қаракетіне араласып, жетімді жебеп, жалғызға жол нұсқап, ақылын аямаған ақсақалды үлкен-кіші қадір тұтады. Сондықтан болар шешімі табылмаған дау-дамай Кұсекең араласса-ақ бітімге келеді. Аудан мектептеріндегі ұстаздар мен шәкірттер де бұл кісіні асыға тосады, ақыл-кеңесін, бәтуалы батасын тыңдайды. Жаутаң көз емес жайсаң қарттық осындай жаны жарқын адамдарға жарасып тұрады екен.
Құсайын ақсақалдың баласындай бауырласып, інісіндей сыйласып кеткендіктен бірнеше рет жұртшылықпен жүздесулеріне куә болғаным бар. Ондайда айтар сөзін дәмдеп бастап, ұлыларға жүгінетіні — айнымас қағидасы. Мектептердегі кіріспе сөзін өзі қызмет жасаған кеңес дәуірі мен тәуелсіздік кезеңін салыстырудан бастайды:
— Біздің замандағы оқу жүйесі мен қазіргі оқу жүйесінің арасында бір дәуір өзгешеліктер бар. Бірақ, сол екі дәуірдегі ұстаздардың алдына қойған мақсаты біреу-ақ. Ол шәкірттерге тиянақты сапалы білім беріп, саналы тәртіп үйрету. Осы ұлы мақсатты жүзеге асыру үшін қасиетті бабамыз Қожа Ахмет Иассауидің сөзімен айтсақ, алдымен адамды тәрбиелеп, адамды тәрбиелеу арқылы қоғамды тәрбиелеп, қоғамды тәрбиелеу арқылы заманды тәрбиелеу өте қажет, — дейді ғұмырын ұстаздыққа бағыштаған Құсайын ақсақал.
Содан соң ұстаздық туралы ұлылардың ұлағатты сөздерін, өз жүрегінен сүзіліп шыққан ойларын рет-ретімен тізбелейді. Солардың бір парасын оқырмандар назарына ұсынып көрейік:
— Ұстаз — рухани әке, мұғалім – қоғам сенген өкіл, мектептегі жетекші тұлға.
-Тарих – дана ұстаз, ұстаз болу – жүректің жомарттығы, мұғалімнің сөзі – егістікке шашқан дән тәрізді.
— Айтушы ақылды болса, тыңдаушы дана болар.
— Қиын ғылым жоқ, тек оны түсініксіз етіп баяндау ғана бар.
— Талант — өте сирек ұшырасатын қасиет, оны әр қашан аялап, қолдап отыру керек.
-Жастай берілген тәрбие – көк шыбықты игендей.
-Дарын деген – баршаға шашылып бөлінетін несібе емес.
-Көп оқыған – көп білер.
— Егер балалар бірдеңені түсінбесе, онда мұғалім баланы кінәлауы тиіс емес, өзін кінәлауы керек.
— Жақсы мұғалім – шындықты өзі жеткізеді, жаман мұғалім – кері кетіреді.
— Тәрбиешінің өзін-өзі тәрбиелеуі және үздіксіз оқи беруі қажет.
— Ұстаз – жас буындарды әдептілікке, сыпайылыққа, кішіпейілдікке тәрбиелеп ел алғысына бөленуші.
— Тыңдау мен ойлау егіз, бірінсіз бірі адам қажетін өтей алмайды.
— Білімнен күшті құрал жоқ. Мен армандағыш, ізденгіш және мазасыз кісілерді ұнатамын.
— Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы.
— Білім – бұлақ, ақыл жағалай біткен құрақ.
— Мінез – ақыл мен ғылымның сақтаушы сауыты.
— Білсе білім – күнде бақыт кісіге, үлкен атақ содан келер кішіге.
— “Сіз” деген әдеп, “біз” деген көмек.
Бұл әр сөзінен даналық лебі есіп тұратын кеудесі-кен, жүрегі-дарқан қазына қартымыздың бір қыры ғана. Өмірі өнеге Құсайын ағаның ұл-қыздары да әке тәрбиесіне, ана сүтіне адал болып өсіп-өнді. Барлығы бірдей жоғары білім алып, кейінгі жылдары бәйбішесінің артында сыңар қалған әкелеріне жалғыздық көрсетпеді. Ақсақал өзіне құтты мекен Абай ауылынан қозғалмай өмірі шектелгенше кенже ұлының қолында отырды. Дегенмен, ежелден халықпен біте қайнасып өскен ол сәл сергісе Алматыдағы, Талдықорғандағы, Жансүгірдегі, Сарқандағы балаларына, немерелеріне өз аяғымен барып- келіп, жақсылықтарына қуанып, желпініп оралуға құштар еді. Бірақ татар дәмі таусылғанда қазына қартымыз өзі жанындай сүйетін ел-жұртымен қимай қоштасты. Өзі кетсе де көзі бар, орынды сөзі жұртшылық жадында қалған ұстаз есімі ұрпақтары, шәкірттері барда өшпек емес.
Жомарт ИГІМАН.