Жуырда «AMANAT» партиясы Сарқан аудандық филиалының партиялық бақылау комиссиясының кезекті жиналысы өтті. Жиын барысында екі мәселе Сарқан аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлім басшысының 2024 жылдың І жартыжылдығында атқарылған жұмысы және жыл соңына дейін атқарылатын жұмысы туралы есебі, сондай – ақ Бақалы мен Екіаша ауылдық округ әкімдерінің өткен жылы және ағымдағы жылдың І жартыжылдығында атқарылған жұмысы және жыл соңына дейін атқарылатын жұмысы туралы есептері тыңдалды.
Партиялық бақылау комиссия мүшелерінің алдында алдымен аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Мұратбек Рымбаев аймақтағы жалпы құрылыс барысымен оның ішінде қала бойынша инженерлік құрылымда турасындағы мәліметтерімен бөлісті. Өңірімізде туризм саласының дамуына тың серпін беретін ауқымды жобалардың негізі — Балқаш көлінің жағалауында тартылып жатқан инфрақұрылым жайы да Мұратбек Мұхамбекұлының баяндамасына өзек болды. Ал Бақалы мен Екіаша ауылдық округ әкімшіліктерінің бас мамандары ауылда 2023 жылы атқарылған шаруалар, оның ішінде денсаулық, жол, жарықтандыру, ойын алаңдарын, мектептерді жөндеу, жаңадан стадиондар салу, тұрғындарға көрсетілетін мемлекеттік қызметтер бойынша атқарылған жұмыстарды сарапқа салып, жоспарларымен бөлісті. Соңында баяндамашылар партиялық бақылау комиссиясы мүшелерінің қойған сұрақтарына жауап берді.
Өз тілшіміз.