Жуырда «Қойтас» саябағында «Жоңғар Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің ұйымдастырумен «Парктер шеруі-2022» табиғатты қорғау акциясының ашылуы аясында ағаш отырғызу шарасына қатысқандар осынау бабалар ұлағатын ұлықтағаны айдан анық. «Табиғат – тал бесігім» ұранын ұстанғандарды «Жоңғар Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі республикалық мемлекеттік мекемесінің бас директоры Марат Кабиев құттықтап, табиғат байлығын қорғауда өткізіліп отырған шараның айрықша орын алатындығын атап өтті. Марат Нұрғазыұлының айтуынша ағымдағы жылдың 1 сәуірі мен 5 маусым аралығындағы акция аясында көптеген атаулы шаралар өткізіп, ағаш егу, өзен жағалауын тазалау жұмыстары, мектептерде түрлі байқаулар, дөңгелек үстелдер, ашық есік күндері, тақырыптық көрмелер, экскурсиялар ұйымдастырылмақшы. Және іс-шаралардың қорытындысы шығарылып, белсенділер марапатталмақ. Жалпы, айрықша сауапты іс – тал отырғызу өңірімізде соңғы жылдары жақсы дәстүрге айналды. Ұлттық паркке тиесілі орман тұқымбағы ұзақ жылдан бері ағаш отырғызу, оны күтіп-баптау ісімен тұрақты түрде айналысып, әрі ауласын түрлі талдармен көмкерем дегендерге көшеттер ұсынып келеді. Бұл ауданымыздың экологиялық ахуалын жақсарту ісінде ұлттық парктің өзіндік орны барлығын аңғартады.
Акцияға арнайы келген аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Қадыл Жанасбеков, Сарқан қаласының әкімі Амантай Орынбеков, аудандық Жастар ресурстық орталығының жетекшісі Бауыржан Жантасов аталмыш іс-шараның өңірімізді көркейтудегі маңызына тоқталып, жылы лебіздерін білдірді.
Бұдан соң аға буын өкілдері мен жастар бірлесіп, табиғи парктің тұқымбағында өсірілген 50 түп ағаш көшеттерін саябақ жағалауына отырғызып, игілікті іске үлес қосты. Жас баладай кінәмшіл жас өскіндерді уақытылы суарып, күтімге алу мәселесі назарға алынса деген тілектер айтылды.
Жастарды экологиялық ағартуға тәрбиелейтін, отансүйгіштікке баулитын «Парктер шеруі-2022» акциясы мемлекеттік ұлттық табиғи парктің ұйытқы болуымен 2010 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Осы уақыт аралығында игі іске 30 мыңға жуық адам атсалысып, 220 мың түп ағаш көшеттері отырғызылған. 1000-ға тарта дәріс сабақтары өткізіліп, 10 мың шамасында табиғатты қорғауды насихаттайтын жарнама, үндеулер шығарылып, таратылған.
Өз тілшіміз.