Ауғандықтарға құрмет көрсетілді

1979 жылы 12 желтоқсанда Кеңес Одағы басшыларының шағын тобы Ауғанстанға Кеңес әскерін енгізу туралы шешім қабылдады. Осылайша сол жылы 27 желтоқсанда КСРО әскерлері Ауғанстан шекарасынан өтіп, онда 1989 жылдың 15 ақпанына дейін соғыс қимылдарын жүргізді. Елімізден Ауған соғысына 22000 адам қатысып, олардың 761-і қаза тапты, 21 адам хабарсыз кетті дел інеді. Қазіргі таңда Қазақ еліндегі 10000-ға жуық ауған ардагерлерінің 3000-дайы мүгедектер қатарында. Жыл сайын 15 ақпан ауған соғысының ардагерлеріне құрмет көрсетіледі.

 

Дәл осы күні ауданымыздағы аталмыш соғыстың куәгерлері «Жастар» саябағындағы ауған-дықтардың құрметіне арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойып елге қайтпаған қаруластарын бір минуттық үнсіздікпен еске алысты. Отан бұйрығын талқыға салмай кеуделерін от пен оққа тосқандарды «Нұр Отан» партиясы Сарқан аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары М.Түсіпов құттықтап өзіндік жылы лебізін білдірді. Сондай-ақ сарқандық ауған ардагерлерін аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қ.Жанасбеков, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшысы Т.Әлсейітов, аудандық ауғанстан, локальдік соғыс ардагерлерінің және мүгедектер ұйымының төрағасы Е.Тоқжігітов, Сарқан гуманитарлық колледжі алғашқы әскери дайындық пәнінің ұстазы С.Станбеков құттықтап, өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеудегі ауғандықтардың үлесін айрықша атап өтті. Шара барысында ауғандық ардагерлерге аудан әкімшілігінің, аудандық білім бөлімінің, гуманитарлық колледждің Алғыс хаттары табысталып, құрмет көрсетілді.

П.ЖЕҢІСХАН.

Мәліметпен бөлісу: