Ауыл еңбеккерлері ардақталды

Жуырда аудандық мәдениет үйінде ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі салтанатты түрде аталып өтті.

Салтанатты жиында аудан әкімі Талғат Қайнарбеков сала қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, жұмыстарына толағай табыс тіледі. Аудандағы мал өсірумен, егістікпен айналысатын шаруашылықтар арасынан үздіктер анықталды. Жүзден жүйрік шыққан шаруа қожалықтары, кәсіпорындар мен озық кооперативтер ұжымдары Алматы облысы әкімінің Құрмет грамотасымен, алғыс хатымен және аудан әкімінің осындай құрмет-алғыстарымен марапатталды. Атап айтқанда Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «Бекишов Е» шаруа қожалығының басшысы Ерлан Төлеубайұлы «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» медалімен, сондай-ақ, «Вахитов Б.» шаруа қожалығының басшысы Бекмухамбет Хамитұлы «Ауыл шаруашылығы саласының Құрметті ардагері» медалімен награтталды.

Дала еңбеккерлерінің мәр-тебесін көтеру, жаздың аптап ыстығында талмай еңбек етіп, ауданымыздың дамуына өз үлестерін қосқан азаматтарды ардақтау мақсатындағы жиын өз мәресіне жетті.

Жиында ауыл шаруашылығы саласында жоғары көрсеткішке қол жеткізген Бақалы ауылдық округінің әкімі Әсет Канапиянов аудан әкімінің ауыспалы кубогын жеңіп алып, «Үздік округ әкімі» атағын иеленді. Ауыл шаруашылығы саласы бойынша ағымдағы жылдың он бір айында атқарылған жұмыстар қорытындыланып, бас жүлдені Черкасск ауылдық округі, бірінші орынды Көктерек ауылдық округі, екінші орынды Сарқан қаласы, ал үшінші орынды Қойлық ауылдық округі еншіледі. Жиын соңы аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының мерекелік концерттік бағдарламасына ұласты.

Өз тілшіміз.

Мәліметпен бөлісу: