Ауыл еңбеккерлерінің абыройы асқақтады

Жуырда аудандық мәдениет үйінде ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің күні салтанатты түрде атап өтілді. Шараға жиналғандар алдымен кіреберіске кеңінен жайғасқан аграрлы саланың ауқымды көрмесін тамашалады. Көз жүгірткен жанға аталмыш көрме жер-ананың жомарттығын, ала жаздайғы адал еңбекті паш еткендей. Шараның негізгі мақсаты да дала еңбеккерлерінің мәртебесін көтеру, адал еңбек етіп, өңіріміздің өркендеуіне лайықты үлестерін қосып жүрген азаматтарды ардақтап, абыройларын асқақтату.

Салтанат бастауында аудан әкімі Марат Разбеков аграрлық секторда атқарылған ауқымды жұмысты жан-жақты айта келе сала қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, жұмыстарына табыс тіледі.

Шара барысында жыл сайынғы жақсы дәстүрге сай ауыл шаруашылығы саласында жоғары көрсеткішке қол жеткізген Алмалы ауылдық округінің әкімі Асқар Жүнісұлына аудан әкімінің ауыспалы кубогы табысталып, «Үздік округ әкімі» атағы берілді.

Сондай-ақ, ауыл шаруашы-лығы саласы бойынша ағым-дағы жылдың қорытындысы шығарылды. Жүйелі жұмысы үшін бас жүлдені Қарабөгет ауылдық округі иеленсе, бірінші орынға Сарқан қаласы, екінші орынға Көктерек ауылдық округі, ал үшінші орынға Аманбөктер ауылдық округі лайық деп танылды.

Жиында мал, егін шаруашы-лықтары бойынша да үздік шаруа қожалықтар, кәсіпорындар мен озық кооперативтер ұжымдарына Алматы облысы әкімінің Құрмет, алғыс хаты және аудан әкімінің алғыс, құрмет грамоталары табысталып, озаттар өзгелерге үлгі етілді. Тәуелсіздік мерекесіне орай өңіріміздің тумасы, ауданымыздың құрметті ардагері Рахимжанов Шакрат «Кәсіподаққа сіңірген еңбегі үшін» орденімен награтталды.

Шара соңы аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары ұйымдастырған концерттік бағдарламаға ұласты.

Өз тілшіміз.

Мәліметпен бөлісу: