Ауыл шаруашылығы санағына белсенді қатысуға шақырамын!

Құрметті Сарқан қаласының тұрғындары, шаруа қожалықтарының жетекшілері мен аграрлық сала еңбеккерлері!

Ағымдағы жылдың 1 тамызынан бастап елімізде жалпыұлттық ауыл шаруашылығы санағы басталады. Бұл – ел көлемінде он жылда бір рет жүргізілетін маңызды науқан. Оның мақсаты – ауыл шаруашылығы саласының нақты жағдайын анықтап, агроөнеркәсіп кешенін дамыту бойынша дұрыс шешімдер қабылдау үшін қажетті әрі дәл ақпарат жинау.

Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының тірегі, ал сіздердің күнделікті еңбектеріңіз – соның берік іргетасы. Осы санақ барысында шаруашылықтардың жер көлемі, мал басы, техникамен жабдықталуы, жұмыс күші, өнім өндіру жағдайлары сияқты маңызды мәліметтер қамтылады. Бұл деректер тек қағаз жүзінде емес, болашақта аграрлық саясатты дұрыс бағытта қалыптастыруға, мемлекеттік қолдауларды әділ бөлуге, өңірлік даму бағдарламаларын жетілдіруге тікелей әсер етеді.

Ерекше атап өтетін жайт:

1 тамыз бен 31 тамыз аралығында санақ онлайн форматта жүргізіледі.

Сіз өз шаруашылығыңыз туралы мәліметті www.Sanaq.gov.kz сайты арқылы өзіңіз енгізе аласыз. Бұл – уақытты үнемдеудің, мәліметті нақты әрі жылдам ұсынудың тиімді жолы.

Ал 1 қыркүйек пен 30 қазан аралығында санақ интервьюерлер арқылы (үй-үйді аралау жолымен) жалғасады. Санақ жүргізушілер арнайы куәлікпен және айырым белгілерімен келеді. Оларға сенім білдіріп, қажетті ақпаратты нақты әрі толық ұсыну – баршамыздың ортақ міндетіміз.

📌 Санақ кезінде берілетін ақпарат құпия сақталады, тек статистикалық мақсатта ғана пайдаланылады.

Қаламыздың әлеуетін бірге көтерейік! Ауыл шаруашылығының шынайы келбетін бірге көрсетейік!

Тілеужан ӘСКЕРБЕК,

Сарқан қаласы әкімі аппаратының бас маманы.

Мәліметпен бөлісу: