
Жақында Бурабайда өткен құрылтайда Мемлекет басшысы аймақтар дамуындағы алшақтықты жоюға, ауылдарды дамытуға ерекше назар аударды. Ұлттық экономика министрлігінің ақпаратына сүйенсек, 2023 жылдан бері ауылдарды дамытуға барлық көздерден 2 трлн теңгеге жуық қаражат бөлінді. Соның есебінен жүздеген әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалар іске асты. Бүгінде министрлік тарапынан 2027 жылға дейінгі Ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасы бойынша жұмыс жүріп жатыр. Бұл құжатта «Жайлы мектеп», «Ауыл – Ел бесігі», «Ауыл аманаты», «Дипломмен ауылға» сынды тағы бірнеше жоба біріктірілген.
Үкімет ауылды кешенді түрде дамытуға көңіл бөлмек. Бұл жерде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, агроөнеркәсіп, білім беру, денсаулық сақтау, өңдеу өнеркәсібі сынды салалар қамтылады. Ауыл бюджеті ұлғаяды Үкімет «Ауыл аманаты» және «Ауыл – Ел бесігі» жобаларын біріктірмек. Сөйтіп, алдымен болашағы бар ауылдарды дамытуға баса көңіл бөлінбек. Жалпы «Ауыл – Ел бесігі» аясында 701 млрд теңге бөлінді. Бұл қаржыға 2200 ауылда 6600 жоба жүзеге асты. Яғни 5300 шақырым инженерлік желі, 7900 шақырым ауыл ішіндегі жол жөнделді. Биыл 500 ауылда 900-ден астам жоба қолға алынбақ. Бұл мақсатта 176 млрд 400 млн теңге қаржы бөлінді. Бұдан бөлек, ауылдардың бюджетін қалыптастыруға айрықша көңіл бөлініп отыр. Мамандардың айтуынша, ауылдық бюджеттің жергілікті мәселелерді шешудегі ролі зор.
С. Садықов,
Сарқан ауданының құрметті азаматы.