
Біздің ғаламшарды басқа планеталардан ерекшелейтін, өліні тірі қып ұстап тұрған ең басты ресурс – су. Бірақ жер-жерде су тапшылығы күннен-күнге артып келеді. Дүниежүзілік су жөніндегі комиссия әлемдік су қорының шексіз емес екендігін, оның да жыл өткен сайын азайып бара жатқанын айтып дабыл қағуда.
Соңғы жылдары жер бетіндегі халық санының көбеюімен әлемде су тұтыну көлемі де ұлғайған. Дүниежүзілік су жөніндегі комиссияның мәліметіне сүйенсек, бүгінде әр адам күніне 20-50 литр су құртады екен. Ал еліміздегі жалпы су ресурстары 101 текше шақырымды құрайды және оның тек 57 текше шақырымы ғана Қазақстанның өзінен бастау алады. Қалғаны көрші елдерден келеді: Ресейден – 8 текше шақырым, Қытайдан – 19 текше шақырым, Өзбекстаннан – 15 текше шақырым, Қырғызстаннан – 3 текше шақырым. Бұған анық мысал – 80 пайызы Қытайда қалыптасқан Іле өзені. Бұл тұщы су артериясы Қапшағай су қоймасы мен Балқаш көліне құяды. Аралды айтпағанда, Балқаш пен Жайық та жыл сайын тартылып келеді. Өзен-көлдерді сақтап қалу бойынша бағдарламалар көп болғанымен, өзен сулары азайып барады.
Қазақстанда таза ауыз судың аздығы аса білінбегенімен, елде су дефициті бар. Су қорына бай алпауыт мемлекеттермен салыстырғанда өзімізге тиесілі 57 текше шақырым су қорының жеткіліксіз екені анық. Қазақ «судың да сұрауы бар» дегенмен, суды үнемдеуге келгенде селсоқ екенін мойындауымыз керек. Алтынның да қолда барда қадірі жоқ. Әйтсе де, су тапшылығынан таршылық көрген елдерден сабақ алып, қалайда ысырап жасамай, үнемдеуге көшкен абзал.
К. Қалиева,
аудандық Аналар кеңесінің төрайымы.
