Ауызбіршілікпен жеңеміз

      Еліміздің бірқатар өңірлерінде тасқынға байланысты қалыптасқан күрделі жағдай біздің де қабырғамызды қайыстырды. Қаншама отбасы үйі мен күйінен айырылып, дүние мүлкі суға кетіп, бір үміт бір күдікпен күн кешуде. Бірақ осындай қиын – қыстау сәтте біз, Жетісу жұртшылығы бауырларымыздың басына түскен  сын-сынақта жанымызбен, жүрегімізбен сіздермен біргеміз дегіміз келеді. Ауызбіршілікпен, ынтымақпен осынау сын сәттерді де игереміз деп ойлаймын.

     Бұл жөнінде бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқыны салдарынан қалыптасқан ауыр жағдайға байланысты үндеуінде жан-жақты айтып өтті. Көлемі жағынан соңғы 80 жылда орын алмаған табиғи апатқа тап болғандығымызды айтқан Президентіміз еліміздің 10 өңірінде төтенше жағдай жарияланғандығын, апаттың салдарын жоюға қажетті барлық шаралар қабылданып жатқандығын, жұмыстардың барлығы өзінің тікелей қатаң бақылауында екендігін атап өтті. Ең бастысы  — азаматтарымыздың аман екендігін, ал қалған дүниені қалпына келтіруге үкіметтің тиісті шараларды қабылдап жатқандығын, зардап шеккен жандардың бір де біреуі назардан тыс қалмайтындығын өз сөзіне арқау еткен Мемлекет басшысы бұл сынды да ел болып еңсеретіндігімізге тоқталды. Рас, ел басына туған кез келген қиындықты халқымыз айрандай ұйыған ауызбіршілігімен еңсеріп, ырыс-ынтымағын арттырып отырған. Су тасқынының зардаптарын жою ісінде де барша қазақ халқы жұдырықтай жұмылып, іргелі ел екендігімізді танытамыз деген сенім зор.

Партия Жеңісхан,

Сарқан аудандық газетінің бас редакторы.

Мәліметпен бөлісу: