Бүгін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Алматы облысы бойынша филиалының мамандары Талдықорған қаласындағы «Хабиби» автокөлік бөлшектерін сататын сауда үйінде және автобазарда көлікті онлайн тіркеу және жүргізуші куәлігін онлайн алу қызметтері бойынша ауқымды акция өткізді.
«ЦифрлықҚазақстан» бағдарламасы аясында халықтың цифрлық сауаттылығын көтеру, мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы жүктемені төмендету, автокөлік иелерінің кезегін азайту мақсатында жүзеге асып жатқан іс шара барысында мамандандырылған ХҚО қызметкерлері азаматтарды электронды үкімет порталын қолдануға шақырып, жүргізуші куәлігін онлайн ауыстыру және көлікқұралын онлайн тіркеу мемлекеттік қызметтерін өз бетінше алуға үйретті. Сондай-ақ осы қызмет түрлері бойынша арнайы дайындалған ақпараттық парақшаларды таратты.
Бүгінгі таңда Алматы облысы бойынша жүзден астам азамат көлік құралын тіркеу және жүргізуші куәлігін ауыстыру қызметтерін онлайн тәртіпте алған. Айта кету керек, күн сайын мемлекеттік қызметтерді электрондық нұсқада алушылар саны артуда. Бұл – халықтың цифрлық сауаттылығы артып келе жатқандығының көрінісі.
«Азаматтарға арналған үкімет»
мемлекеттік корпорациясының
Алматы облыстық филиалының баспасөз қызметі