Аяулы келін – 2018

Пай-пай, қазақтың келіндері-ай! Әдемі де әдепті, инабатты да ибалы келіндерімізбен қалай мақтансақ та жарасымды. Ұлтымыздың салт-дәстүрінің ұлықтаушысы да, тіліміздің тірегі де осы келіндер. Халқымызда «Келіні жақсы үйдің – керегесі алтын» деген де дана сөз бар. Осы орайда 22 наурыз мерекесі қарсаңында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында ұлттық салт-дәстүрімізді дәріптеу мақсатында әкімшілік, мәдениет үйінің қызметкерлері, жастар ұйымының ұйымдастыруымен Лепсі ауылының Мәдениет үйінде, «Аяулы келін — 2018» атты келіндер байқауы өтті.

Ауылымызда тұңғыш рет өтіп отырған байқаудың ұрпаққа берер ұлағаты қай жағынан болса да мол болды. Ауылымыздың алты жас келіндерінің бәрі де «Па, шіркін, қазақтың келіндері осындай-ақ болсайшы» дейтіндей бірінен-бірі өткен сұлу да көркем, он саусағынан өнер тамған шебер, үлкенді сыйлап, кішіні құрметтеген жандар екен. Байқауда Сақыпжамал Абызова, Оразәлі Нұржігітов, Күлғайша Абилова, Мейрамгүл Сыздықбаева сынды үлкен ата-әжелеріміз әділ қазылық етті.

Бұл байқауда келіндеріміз 7 сайыстан бақ сынасты. Мысалға: 1) тегін білу тектілік; 2) қазақтың ұлттық салт-дәстүрін көрсету; 3) сыр-сандық сұрақ-жауап сайысы; 4) өнер сайысы; 5) ас – адамның арқауы; 6) ана көрген тон пішер; 7) әсем келін, ауыл көркі атты сайыстардан өздерін көрсете білді.

Осылайша қазақ келінінің ақылы мен парасаты сынға түскен байқау да өз мәресіне жетті. Қазылар алқасы үшін «мыңнан тұлпар, жүзден жүйріктерді» анықтаудың қиын болғаны рас. Нәтижесінде, «Аяулы жас келін» байқауында бірінші орынды Маржан Омарова қанжығасына байласа, екінші орынды Айгерім Сахманова иеленсе, ал үшінші орынды Айнұр Рамазанова қанағат тұтты. Сонымен қатар қалған қатысушылар да құр қалған жоқ. Номинациялар бойынша «Инабатты келін — 2018» номинациясы бойынша Нұрбақыт Мадыханова, «Сымбатты келін — 2018» Жадыра Баратова, «Өнерлі келін — 2018» Динара Кенжембетова марапатталды.

Арайлым БАЛЖАНОВА,

Лепсі ауылдық округінің жастар ісі жөніндегі әдіскер-нұсқаушысы, БПҰ мүшесі.

Мәліметпен бөлісу: