Қазақ музыкасының бәйтерегі – М.Төлебаевқа 105 жыл

Қазақтың көрнекті композиторы, СССР халық әртісі, СССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚазССР-іне еңбегі сіңген өнер қайраткері, әлем мойындаған тұлға Мұқан Төлебаевтың 105 жылдық мерейтойы «Қазақ музыкасының бәйтерегі» атты тақырыпта Мұқан Төлебаев мұражайында және Мәдениет үйінде айрықша аталып өтті.

Небәрі 47 жыл ғұмыр кешсе де, артына өлмес, өшпес мұра қалдырған ұлы композитордың кесек-кесек туындылары бүгінде еліміздің ұлттық құндылығына айналып, әлемдік деңгейге көтерілген. Оның шығармаларының өміршеңдігі ұлттық өнердің тамыры тереңде жатқан құнарлы, қасиетті қайнар бұлағынан нәр алып, әлемдік өнер жауһарларын талғам тоғыстыра алғандығынан болса керек.

Қазақ елінің мәдени әлеміне ерекше қолтаңба қалдырып, классикалық музыка өнері арқылы қазақ операсының туын көкке көтерген жарық жұлдызы, композитор М.Төлебаевт  ың 105 жылдығына арналған «Қазақ музыкасының бәйтерегі» атты тақырыптағы әдеби-сазды шараға Лепсі ауылының әкімі Гүлнар Серікбаева, М.Төлебаевтың мемориалды музей меңгерушісі Ақжібек Мұқатайқызы, аудандық мәслихат депутаты Жанат Құрмашев, М.Тынышпаев атындағы тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі Арман Қуандықов, Сарқан аудандық мәдениет бөлімінің басшысы Жәлел Құдияров өз құттықтаулары мен жылы лебіздерін білдірді.

М.Төлебаевтың әдеби-сазды кешінде композитордың туындыларын мектеп оқушы-лары мен мәдениет үйінің қызметкерлері, мұражай қызметкерлері орындады.

Ұзақ жылдар ел жүрегінен жылы орын тапқан, асқақ мемлекеттік гимннің авторларының бірі, қазақ опера өнерінің інжу-маржаны «Біржан-Сара» операсын дүниеге келтірген, сөйтіп, ұлттық өнеріміздің құдіретін асқақтатып, еуропалық үлгідегі кәсіби шеберлік шыңына шығара білген тағылымды тұлғаның мерейтойы қарсаңыңда Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясының өнер ұжымы келіп, өздерінің концерттік бағдарламасын ауыл тұрғындарына ұсынды.

М.ТІЛЕУҒАЗЫҚЫЗЫ.

Мәліметпен бөлісу: