ҚАЗАҚСТАН ҚҰРЫЛТАЙЫ – ТАРИХ ТАРАЗЫСЫНДАҒЫ ТАҢДАУ

23 тамыз – елдің қоғамдық-саяси өміріндегі ерекше күндердің біріне айналуы мүмкін. Егер конституциялық реформалар толық көлемде жүзеге асса, дәл осы күні қазақстандықтар алғаш рет жаңа заң шығарушы орган – Қазақстан Құрылтайының депутаттарын сайлайды. Бұл – жай ғана кезекті саяси науқан емес. Бұл – мемлекеттік басқарудың жаңа моделіне көшуді айқындайтын, елдің заң шығару жүйесін жаңаша қалыптастыруға бағытталған тарихи қадам.

Кез келген мемлекеттің даму жолында қоғамдық келісім мен халық сеніміне сүйенген саяси реформалардың орны ерекше. Соңғы жылдары елімізде жүргізілген конституциялық өзгерістердің түпкі мақсаты да мемлекеттік басқару жүйесін заман талабына бейімдеп, қоғамның мемлекеттік шешімдер қабылдау үдерісіне қатысу мүмкіндігін кеңейтуге бағытталды. Алдағы Құрылтай сайлауы – осы өзгерістердің алғашқы нақты сынағы.

Жаңа заң шығарушы орган

Жаңартылған жүйеге сәйкес, бұған дейін заң шығару қызметін жүзеге асырған екі палаталы Парламенттің орнына біртұтас заң шығарушы орган – Құрылтай жұмыс істейді деп жоспарланған. Оның құзыретіне республикалық заңдарды қабылдау, мемлекеттік бюджетті бекіту, Үкіметтің қызметіне бақылау жасау және елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты маңызды мәселелерді қарау жүктеледі.

Мұндай өзгеріс заң шығару процесін ықшамдап қана қоймай, мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді деген үміт бар. Сондықтан алдағы сайлау тек депутаттарды анықтайтын науқан емес, жаңартылған мемлекеттік модельдің алғашқы қадамы ретінде бағалануда.

145 орынға – 546 үміткер

Жоспар бойынша Құрылтай құрамына бес жыл мерзімге 145 депутат сайланады. Олар бірыңғай жалпыұлттық сайлау округі бойынша партиялық тізім арқылы анықталады. Парламенттен орын алу үшін саяси партиялар сайлаушылардың кемінде 5 пайыз дауысын жинауы қажет. Ал депутаттық мандаттар әр партияның жинаған дауыс үлесіне қарай бөлінеді.

Биылғы сайлауға елімізде ресми тіркелген жеті саяси партия қатысып отыр. Алғашқы кезеңде олар 550-ге жуық кандидат ұсынса, құжаттарды тексеру нәтижесінде 546 кандидат тіркелді. Демек, бір депутаттық орынға орта есеппен төрт үміткерден келеді.

Ең көп кандидат ұсынған – «Әділет» партиясы. Партия тізіміне 186 адам енгізілген. Одан кейін Respublica партиясы – 76, Қазақстанның Халық партиясы – 72, «Ауыл» партиясы – 69, «Ақ жол» партиясы – 63, «Байтақ» партиясы – 47, ал Жалпыұлттық социал-демократиялық партия 33 кандидат ұсынған.

Заң талаптарына сәйкес, барлық партиялық тізімде әйелдердің, жастардың және мүгедектігі бар азаматтардың жиынтық үлесі кемінде 30 пайызды құрайды. Бұл талап қоғамдағы түрлі әлеуметтік топтардың өкілдігін кеңейтуге бағытталған.

Сайлау қалай өтеді?

Құрылтай депутаттарын сайлау партиялық тізім бойынша өткізіледі. Сайлаушылар нақты кандидатқа емес, өзі қолдайтын саяси партияға дауыс береді. Кейін партиялардың алған дауыс үлесіне қарай депутаттық мандаттар бөлінеді.

Сайлауалды үгіт-насихат 23 шілдеде басталып, 22 тамыз сағат 00.00-ге дейін жалғасады. Одан кейінгі күн – дәстүрлі тыныштық күні. Ал 23 тамызда дауыс беру еліміздің барлық өңірінде сағат 07.00-ден 20.00-ге дейін өтеді.

Бүгінде дауыс беру құқығына 12,5 миллионнан астам қазақстандық ие. Республика бойынша 10 мыңнан астам сайлау учаскесі жұмыс істейді. Сонымен бірге шетелде жүрген Қазақстан азаматтары үшін 61 мемлекетте арнайы сайлау учаскелері ашылады.

Сайлауға қанша қаржы бөлінді?

Осындай ауқымды саяси науқанды ұйымдастыруға Үкімет резервінен 34,3 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаражат сайлау комиссияларының жұмысын ұйымдастыруға, бюллетеньдерді басып шығаруға, ақпараттық жүйелердің жұмысын қамтамасыз етуге, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қажетті жағдай жасауға және шетелдегі дауыс беруді өткізуге бағытталады.

Мамандардың түсіндіруінше, республикалық бюджет өткен жылы бекітілген кезде Құрылтай сайлауы жоспарланбағандықтан, қаржы Үкімет резервінен қарастырылған.

Ашықтық – басты талап

Сайлаудың жария әрі ашық өтуі – басты талаптардың бірі. Осы мақсатта қазіргі таңда 76 халықаралық байқаушы аккредиттелді. Олардың қатарында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының миссиялары, сондай-ақ бірқатар шетел мемлекеттерінің өкілдері бар.

Халықаралық бақылаушылардың қатысуы сайлау барысының заң талаптарына сәйкестігін бағалап, оның ашықтығына тәуелсіз баға беруге мүмкіндік береді.

Таңдау – әр азаматтың қолында

Сайлау – демократиялық қоғамның маңызды институттарының бірі. Ол азаматтарға мемлекет тағдырына бейжай қарамай, өз таңдауын жасауға мүмкіндік береді. Сондықтан Құрылтайдың алғашқы сайлауы тек жаңа депутаттарды анықтап қана қоймай, жаңартылған саяси жүйенің өміршеңдігін көрсететін маңызды белес болмақ.

23 тамызда әрбір дауыс елдің заң шығару жүйесінің жаңа кезеңіне қосылған үлеске айналады. Ал жаңа Құрылтайдың қандай құрамда жасақталатыны, оның қоғам сенімін қаншалықты ақтайтыны – ең алдымен халықтың таңдауына байланысты.

Д.НАЗАР, 

«Жаркент айнасы»

Мәліметпен бөлісу: