Қазақстанда мемлекеттік қызмет туралы заң жаңаланады

Қазақстанда мемлекеттік қызмет жүйесін реформалайтын жаңа заңнамалық түзетулер әзірленді. Жаңа редакциядағы заң саланың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына негізделген. Оның басты мақсаты – мемлекеттік аппаратты халыққа бағдарланған сервистік модельге көшіру, процестерді цифрландыру және қызметшілерді әлеуметтік қолдау. Заңдағы өзгерістер туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаментінің басшысы Қобылан Манап БАҚ өкілдерімен кездесуде баяндады.
Заң жобасындағы ең негізгі өзгерістер:

  1. Сервистік модель және «клиентке бағдарлану»
    Мемлекеттік қызмет тек еңбек қатынасы болудан қалып, ұлттық басымдықтарды жүзеге асыратын негізгі институтқа айналады. Өтініштерді формалды негіздермен қараудан бас тартуға тыйым салынады, азаматтар үшін құқықтық және цифрлық кедергілер жойылады.
  2. Ауыл әкімдері мен сайланбалы тұлғалардың ерекше мәртебесі
    Сайланатын лауазымды тұлғалар мемлекеттік қызметшілердің жеке санатына жатқызылады. Олар: арнайы курстарда оқиды, ротациядан, уақытша басқа органға жіберуден және тәлімгерліктен босатылады, теріс қылықтары үшін қызметтен босату тек тиісті мәслихаттың шешімімен жүзеге асырылады.
  3. Кадрларды іріктеу толық цифрландырылады
    Іріктеу және басқару процесі «Е-қызмет» жүйесі арқылы онлайн форматқа ауысады. Егер мемлекеттік органда қандай да бір лауазым 3 айдан артық бос тұрса, жүйе оған автоматты түрде конкурс жариялайды. Жастарды мектеп пен ЖОО қабырғасынан бастап мемлекеттік қызметке даярлау институты енгізіледі.
  4. Бір лауазым ішінде мансаптық өсу
    «Б» корпусының қызметшілері үшін бір лауазым шеңберінде лауазымдық деңгейлер енгізіледі. Енді қызметшінің жалақы көлемі осы деңгейге байланысты болады. Бұл жоғары лауазымға секірмей-ақ, өз орнында кәсіби өсуге ынталандырады.
  5. Әлеуметтік кепілдіктер және зейнетақы төлемі
    Мемлекеттік қызметте кемінде 25 жыл еңбек өтілі бар қызметшілерге зейнетке шыққан кезде 4 лауазымдық жалақы көлемінде міндетті жәрдемақы төленеді. Еңбек өтіліне байланысты негізгі демалысқа қосымша 3, 5 немесе 10 күндік ақылы демалыс, сондай-ақ жыл ішінде 10 күннен аспайтын қысқа мерзімді ақылы демалыс берілуі мүмкін.
  6. Артық жұмыс уақыты мен демалыс күндеріне төлем
    Мерзімнен тыс жұмыс істегені үшін қызметшіге демалыс күндері беріледі немесе үстемақы төленеді. Демалыс және мереке күндеріндегі жұмыс үшін күндік ставкадан кемінде 1,5 есе жоғары мөлшерде ақы төленеді.
  7. Басқа өңірге ауысқандағы көмек
    Қызметші ротациямен немесе ауысумен басқа елді мекенге көшкен жағдайда, оған тұрғын үй төлемтері, көшіп бару жәрдемақысы және мүлкін тасымалдау шығындары өтеледі. Сондай-ақ, орган ішінде немесе оның аумақтық бөлімшелерінде басқа қызметке ауысу мүмкіндіктері кеңейтілді.
  8. Тәртіптік жауапкершілік және нашақорлықтың алдын алу
    Тәртіптік жазалардың мерзімдері олардың ауырлығына қарай бөлінеді. Жазадан бөлек, алдын алу шаралары ретінде профилактикалық әңгімелесу және құзыреттілікті тексеру тетіктері енгізіледі. Мемлекеттік қызметшілердің есірткі тұтынуын анықтау және алдын алу мақсатында міндетті медициналық куәландырудан өту талабы бекітілді.
    Еңбек дауларын тәуелсіз шешу үшін Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне тікелей бағынатын Әдеп жөніндегі уәкілдер басқаратын арнайы алдын алу қызметтері құрылады (бұл GRECO халықаралық ұйымының ұсынысы). Кадр қызметтері тек қағаз рәсімдеуден адам капиталын стратегиялық басқаруға көшеді

Мәліметпен бөлісу: