Азаматтарды қабылдау: Бейбіт Исабаевтың тапсырмасымен жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау мәселелері шешілді

Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдауға келген тұрғындар баспана алу, жұмысқа орналасу және басқа да мәселелермен жүгінді, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Атап айтқанда, Ақсу ауданының тұрғыны Н. Қоянбаев, талдықорғандық М.Бителеуова тұрғын үй кезегі бойынша үй алу мәселесіне қатысты сұрақтарын жеткізді. Оларға «Отбасы банк» АҚ жергілікті өкілі заңнамаға сәйкес үй алу реті мен тәртібін түсіндірді.

Талдықорғандық Құралай Қошақанова отбасылық жағдайларына байланысты жұмыстан қол үзіп қалғанын, бастауыш сынып мұғалімі ретінде 17 жылдық еңбек өтілі бар екенін айтып, тұрақты жұмысқа орналасуына көмек сұрады. Сол сияқты ІІ топтағы мүгедектігі бар туған бауырына қандай әлеуметтік қолдау алуға болатыны жайлы да сұрап білді.

Осыған байланысты облыс әкімі білім басқармасының басшысына қолданыстағы заң аясында азаматшаның жұмысқа орналасуына қолдау көрсетуді тапсырды. Бұл ретте қала мектептеріндегі бастауыш сынып мұғалімінің бос орындарына өтетін конкурстар бойынша мәлімет берілді, педагог аталған конкурстарға қатыса алады. Сол сияқты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы оның мемлекеттен заң аясында берілетін тиісті әлеуметтік төлемдер алуы үшін қажетті құжаттарының рәсімделуіне көмек көрсететін болады.    

Сондай-ақ қабылдауға келген құрылыс компаниясының өкілі Б. Нұрғазыұлы көтерген мәселеге келсек, Алакөл көлінің жағалауындағы заңсыз салынған құрылысты сүруге қатысты сот шешімі қайта қарастыруға жатпайтыны түсіндірілді.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотограф: Дмитрий Ерофеев

Мәліметпен бөлісу: