Азаматтық белсенділік танытуға шақырды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ата Заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар жобасы бойынша биылғы 5 маусымда республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойғандығы баршаға белгілі. Конституциялық реформа – Президенттің наурыз айындағы Қазақстан халқына Жолдауында айтылған саяси реформалар бағдарламасын жүзеге асыру үшін қолға алынған маңызды іс-шарасының бірі әрі бірегейі деуге болады. Әрі Президентіміз жиі айтатын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» атты тұжырымдамасын жүзеге асырудың алғышарты деуге әбден негіз бар.

Еліміздегі қоғам белсенділерінің және саясаттанушылардың айтуынша Конституциялық түзетулер жобасы азаматтардың сұранысына негізделген және бүкіл қоғамның мүддесі үшін жүзеге асырылмақ. Ата Заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар жобасын белгілі заңгер-құқықтанушылар және конституциялық құқық саласының мамандары әзірлеп, бұған Конституциялық Кеңес оң бағасын берген болатын.

Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың бәрі өзара байланысты және бір мақсатты көздейді. Атап айтқанда, азаматтарымыздың баянды болашағын қамтамасыз етуге бағытталған. Суперпрезиденттік басқару үлгісінен президенттік республикаға түбегейлі көшу; Бірқатар билік өкілеттігін қайта бөлу; Парламенттің рөлін күшейтіп, мәртебесін арттыру; Елді басқару ісіне халықтың қатысу мүмкіндігін кеңейту; Азаматтардың құқықтарын қорғау тәсілдерін жетілдіру. Енгізілетін өзгерістерді осындай бөліктерге бөліп, атын атап, түсін түстеуге болады. Бірақ бұның әрқайсысынан жол тартатын ондаған өзгерістер қарапайым халыққа түсініксіз болуы мүмкін.

Сол себепті Республикалық референдумды қолдау жөнінде құрылған штаб мүшелері, Қазақстан Республикасы Парламент депутаттары ел арасында түсіндіру, ағарту жұмыстарын жүргізуде. Апта басында Конституцияның қазіргі және жаңа нұсқаларының айырмашылығын түсіндіру, ұсынылып отырған көптеген түзетулердің мән-маңызын ұғындыру мақсатында Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының депутаты Сұлтан Дүйсембинов өңірімізге ат басын тіреп, Сарқан гуманитарлық колледжінде кездесу өткізді. Аудандық мәслихат депутаттары, колледж ұстаздары және қала тұрғындарымен болған кездесу барысында Сұлтан Мырзабекұлы ұсынылған конституциялық өзгерістердің әрқайсысына жеке-жеке тоқталып, қарапайым тілмен тарқатып айтып берді. Атап айтқанда Референдум өткен соң мемлекетіміздегі жоғары заң шығарушы орган – Парламентті үлкен жұмыстар күтіп тұрғандығын жеткізген халық қалаулысы ел өміріне елеулі өзгерістер енгізетін республикалық референдумды бір кісідей қолдауға шақырды. Кездесу соңында Сенат депутаты жиналған қауыммен пікір алмасып, сұрақтарға жауап берді.

П.Жеңісхан.

Мәліметпен бөлісу: