Қазпоштадан жеткен сый

Жуырда «Қазпошта» АҚ Сарқан аудандық пошта байланыс торабы ғимаратында әнмен көмкерілген мерекелік іс-шара өтті. «Kazpost-дан жыл бойы сыйлықтар» атауын иеленген акцияда жүргізушілер осынау жиынның жай-жапсарын жиналған қауымға айтып берді. «Қазпошта» акционерлік қоғамы компанияның 25 жылдығына орай акция  ұйымдастырып, зейнетақы және жәрдемақы алушылар арасында ұтыс ойынын өткізді.

Акцияның ашылуында сөз алған «Қазпошта» АҚ Алматы облыстық  филиал директорының орынбасары Манат Тастанов осынау өткізілгелі отырған іс-шараның тарихы мен мән-маңызына тоқталды. Жиынға қатысқан  аудан әкімі Ерғазы Қошанбеков байланыс саласының заманмен үндесе жаңғыруда екендігін, күрделі жөндеуден өткен ғимараттың тұрғындарға қолайлылығын атап өтті. Келесі болып сөз алған  аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Қ. Жанасбеков, қала әкімі А. Орынбеков, ХҚКО басшысы С. Елубаева, пошта байланыс торабының басшысы Д. Ілімханов, «Қазпошта» АҚ Алматы облыстық  филиалының өкілі Е. Ткачева осы жиынның өзектілігін сөздеріне арқау етті.

Бұл акция қолданыстағы және жинақтау есеп шоттары бар салымшылар үшін айтулы мереке болды. Олар «Қазпошта» аудандық филиалында өткен ұлттық пошта операторының мерейтойына орай ұйымдастырылған акцияға белсене қатысты. Білікті мамандардан құралған тәуелсіз комиссияның төрағасы мен мүшелері таныс-тырылып, ұтыс ойыны ашық әрі әділ, көпшіліктің көзінше өткізілді. Музыкалық сүйемелдеумен өткен акцияда ұтыс иегерлері компьютердің көмегімен анықталды.

Нәтижесінде бақтары мен баптары оза шапқан бірқатар салымшылар ақшалай және заттай сыйлықтардың иегері атанды.  Осындай әдіс арқылы ақшалай сертификаттың иесі де анықталды. Қала тұрғыны, көпбалалы ана, Күміс алқа иегері Самал Сыбанова 50 мың теңгенің сертификатын иеленіп, мерейі үстем болды.  Ал көпшілігі зейнеткерлер болып табылатын салымшылар әр түрлі көлемдегі заттай сыйлықтарға ие болып, көңілдері көтерілді. Бұдан өзге, мерекелік шара барысында, ұлттық пошта операторының серіктесі «Банк Хоум Кредит» ұсынған бағалы сыйлықтар да  ойнатылып, өз иегерлерін тапты.

Жиын соңында  Алматы облыстық  филиал директорының орынбасары Манат Тастанов жиналған жұртшылықтың алдында 16 ауданның ішінен оза шапқан пошта байланыс торабының ұжымына 25 жылдыққа орай Алғыс хат табыстаса, филиалдың кәсіподақ төрайымы Ә. Қыдырова пошта байланыс торабының басшысы Д. Ілімхановқа «Қазақстандық ақпарат, байланыс және телекоммуникациялар қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің медалін салтанатты түрде ұсынды.

 

 

Жақсылық Игіманов.

 

Мәліметпен бөлісу: