Азық — түлік сертификаттарын табыс етті

Ауыл халқына, ауыл шаруашылығы мен ауылдық жердегі кәсіпкерлерге қолдау көрсету ел экономикасы үшін аса маңызды. Бұл туралы Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында да атап өтіп, бұл саланы дамытудың тетігін былайша ұсынды: «…Жалпы сомасы 6,3 триллион теңге жұмсалған дағдарысқа қарсы шаралар жүзеге асырылғаннан кейін экономикамызда артық ақша пайда болды. Алайда, бүгінгі таңда бөлінген қаржы әлі бармай жатқан салалар бар. Екінші деңгейдегі банктер шағын жобаларға, әсіресе ауылға арнап ақша салмайды. Сондықтан, микроқаржы ұйымдарының әлеуетін іске қосу керек. Олар жергілікті жерде жұмыс істейді. Өзінің тұтынушыларын, олардың бизнесі мен мүмкіндіктерін жақсы біледі», — деді Президент.

Осы орайда жуырда Сарқан ауданы әкімдігінің қызметкерлері мен KMF микроқаржы ұйымының мамандары кездесу өткізіп, ауыл тұрғындарын тиімді шарттармен несиелендіру, кәсіпкерлікті дамытып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал ету мәселелерін талқылады. Аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында өткен жиынға аудан әкімінің орынбасары Жомарт Мыңбаев төрағалық жасап, жүргізіп отырды. KMF мамандарының мәліметтері бойынша, Сарқан ауданының кредиттік портфелі 1 млрд 722 миллион теңгеден асады. Мұның ішінде 59 пайызы немесе 1181 адам агроға, 22 пайызы немесе 434 адам бизнесін дамытуға және 19 пайызы немесе 387 адам тұтынушылық мақсатқа алған. Сонымен қатар, Сарқан қаласының әкімі Амантай Орынбековтың ұсынысымен кездесу барысында KMF МҚҰ және KMF-Демеу қоры 10 отбасыға әрқайсысына 30 мың теңгенің сертификаттарын табыс етті. Әлеуметтік аз қамтылған отбасылар ол сомаға азық-түлік сатып ала алады.

Айта кетейік, KMF – Орталық Азия мен Қазақстандағы ең ірі микроқаржы ұйымы. Бизнесті дамытуға, агро мен тұтынушылық мақсаттарға кепілдіксіз, тиімді пайыздық мөлшерлемемен, ыңғайлы шарттармен, жеңілдікті кезеңдермен, түрлі науқандарымен микрокредит беретін ұйымның кредит портфелі 152 миллиард теңгеден асып жығылса, соның 140 миллиарды кәсіпкерлерге берілген және олардың көпшілігі – ауыл тұрғындары.

Өз тілшіміз.

Мәліметпен бөлісу: