Әлемнің даму жылдамдығы атом электрстанциясының қажеттілігін тудырып отыр. Расында да АЭС ұзақ мерзімді экологиялық тәуекелдерді барынша азайтатын технологияларды пайдаланатын көрінеді. Сондықтан да алдағы межеленген ауқымды құрылысты қажетті қадам деп есептеймін. Бағамдап қарасақ радиоактивті қалдықтар қауіпсіз қалыпта сақталып, өңделеді екен, ал қауіпсіздік жүйелері олардың қоршаған ортаға таралуына жол бермейді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламенттің қос палатасында АЭС салу жоспарын ұсынды. Сайлаушылар қазанның 6-сында жергілікті жердегі сайлау учаскелеріне барып, өз таңдауларын жасайды. Бүгінге дейін референдум туралы ақпарат шартарапқа тарап үлгерді. Аудандық штаб мүшелері, аудандық ардагерлер ұйымының алқасы жұртшылық арасында осы өзекті мәселені талқылауға бастамашы болып келеді.
Аудандық ардагерлер ұйымы 11-қыркүйектегі кеңейтілген отырысында АЭС құрылысын салу жөніндегі мәселені қарап, атом электр станциясының құрылысын өз мемлекетімізде салуды қолдайтындарын білдірді. Мамандардың сараптауынша АЭС тиімді. Қазақстан міндетті түрде атом энергетикасын дамыту керек. Неге? Өйткені бейбіт атомды мақсатты пайдалану тек электр қуатын өндіру емес. Ядролық медицина, өнеркәсіптік қажеттіліктер үшін радиоизотоптар өндіру — уақыт талабы.
Қазірдің өзінде Қазақстан электр қуатының тапшылығына тап болуда. Сол тапшылықты көршілес елдерден сатып алып еңсеріп келеміз. Бұл-тәуелділік. Халық санының өсуі электр энергиясына тәуелділікті одан әрі үдете түспек. Сол мақсатта бізге АЭС құрылысын салудың аса қажеттілігі туындап отыр. Мұны, әрине, қалың жұртшылық қолдайды деп сенеміз.
Қ.Жанасбеков,
Сарқан аудандық «Ардагерлер Ұйымы» филиалының төрағасы.
