Биылғы жылы «Нұр Отан» партиясының құрылғанына 20 жыл толды. Осы уақыт аралығында партия ел сеніміне ие болған беделді саяси ұйымға айналды. Ағымдағы жылдың 27-ақпанында Астанада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезі өткені баршамызға белгілі.
Сейсенбі күні партияның XVIII съезінің делегаттары, аудандық Саяси кеңес мүшелері, ауыл және қала әкімдері, облыстық, аудандық мәслихат депутаттары, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары, ардагерлер, мекеме, үкіметтік емес ұйымдар басшылары және партия мүшелерінің қатысуымен партия активі болып өтті.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша аудан әкімінің орынбасары Ғалымжан Маманбаев «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезінде партия төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың берген тапсырмаларын іске асыру жөніндегі жергілікті атқарушы органдардың міндеттері туралы» баяндама жасап, съезде «Нұр Отан» партиясының 20 жылда атқарған жұмыстары сараланып, партияның 2030 жылға дейінгі «Бақуатты қоғам: 10 жылдыққа 10 мақсат» атты бағдарламасы қабылданғанын, партия Жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенін активке қатысушыларға жеткізді.
-Мемлекет басшысы әр саладағы жұмыс нәтижелері ең алдымен халқымыздың өмір сүру сапасын арттыруға және олардың мүдделерін іске асыруға бағытталғанын айтты,-деп бастады сөзін съезд делегаты, Алматы облысы мәслихатының депутаты Жамал Құлахметова. –Соңғы 20 жыл ішінде Қазақстан үшін ауқымды өзгерістер мен ұлы жеңістер кезеңі болды. Елбасымыз әрбір қазақстандық отбасын әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне аса көңіл бөліп, жеткілікті қаражат қарастырылды.
Бұдан соң жарыссөзге шыққан съезд делегаты, партия ардагері Мұрат Түсіпов, аудандық әжелер алқасының мүшесі, партия белсендісі Күлшарбан Қалиева баяндамада көтерілген мәселелерді толықтырып, мемлекет басшысының съезде жариялаған нақты тапсырмаларын орындау жолындағы міндеттерге жете тоқталды.