Тәуелсіздік – ата-бабамыздың бостандыққа ұмтылған қайсар рухы мен күресінің жемісі. «Қазақ халқы сан ғасырлар бойы өзінің егемендігі мен тәуелсіздігі үшін күресіп келді. Өзінің ең жақсы қасиеттерінің: қатер төнген сәтте бірігіп, ұйымдаса білуінің, сондай-ақ басқа халықтармен бейбітшілік, келісім мен тату көршілік жағдайында тұруға деген ынта-ықыласының арқасында ол тарих тасқынының астында қалып қоймай, өзінің мемлекетін қалпына келтіре алды» деп Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай, иә, сол кісілердің, қаншама жас саңлақтардың арқасында бейбіт өмір сүріп келеміз. Еліміздің күш-жігерінің арқасында сүрінсек, қайта тұрдық. Биыл Тәуелсіздігімізге 30 жыл!
Осыған орай, елімізде түрлі іс-шаралар өтуде. Атап айтар болсам, мектебімізде жаңа физика кабинеті жасалып жаңа үстел орындықпен, көп функционалды интерактивті тақтамен қамтылды және мектеп кітапханасына тұңғыш президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Тәуелсіздік белестері», «Ғасырлар тоғысында», «Тарих толқынында» кітаптары сыйға тартылды. Ауылымыздың мәдениет үйі салынып, биыл ашылу салтанаты өтті. Сонымен қатар, мәдениет үйінің сахнасында видео түсіріп, «Жетісу жұлдыздары 2021» онлайн би конкурсына жіберу арқылы «Лала» би тобымыз 1орынды иелендік. Айта кетер тағы бір жайт Сарқан қаласында халықтың ықпалымен атақты Алдияр бабаның ескерткіші қойылды.
Қазір біз шуақ төккен күн жарқыраған, қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған заманда қиналмай өмір сүрудеміз. Қазіргі заман бұрынғы заманнан осымен ерекшеленеді деп ойлаймын. «Тәуелсіз елдің ұлы – өжет, қызы – қайратты, халқы – қаһарман» деп сол үшін айтылған болар.
Тәуелсіздік – халықтың үні, ұлттың тілі мен ділі. Тәуелсіздік – халықтың тойы, елдің тойы. Осындай бейбіт мемлекетте өмір сүріп келе жатқанымызға бабалар рухына мың тағзым. Қанмен келген тарихи күніміздің 30 жылдығы құтты болсын!
Балым Тлектес,
әл – Фараби атындағы орта мектептің 9-сынып оқушысы.