Басты байлық – деннің саулығы. Қоғамымызда еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейінгі замандастарымыздың денінің сау болуы үшін барлық жағдай жасалуда. Соған орай, медициналық тексеріс, сырқаттанудың алдын алу, салауатты өмір салтын қалыптастыру, дәрігерлік тегін кеңес беру жүйелі жолға қойылған. Бірақ, өмір болған соң әртүрлі жағдай орын алады. Бүгінгі таңда балалардың құрсақта жатып кемтарлыққа шалдығуы белең алып отыр. Нәрестелердің туа біткен сал ауруы, есту-сөйлеу кемістігі жиі кездесуде.
Мүмкіндігі шектеулі балалары бар ата-аналар оларды күтіп-бағу, емдету, оқыту жағынан қиындыққа тап болып жатады. Көп жағдайда балаларды бағып-қағу қаражатқа келіп тіреледі. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған бүгінгі Жолдауында әлеуметтік мәселеге, оның ішінде мүгедек балаларды емдетуге ерекше көңіл бөлгендігі қуантты. «Отбасы институтын қолдау, инклюзивті қоғам құру, балалардың құқығын қорғау, тұрмыстық зорлыққа қарсы күресу – біздің жұмысымыздың басым бағыттарының бірі болуы керек. Жасөспірімдер арасындағы суицидтің көбеюі бізді алаңдатуы тиіс. Зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балаларды оңалтуға арналған бағдарламаны әзірлеуіміз керек. Мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасылармен де ерекше жұмыс жүргізген абзал. Тек ресми статистикаға сүйенсек, елімізде мүмкіндігі шектеулі 80 мың бала бар. Үкімет сал ауруына шалдыққан балаларды медициналық және әлеуметтік тұрғыдан қолдау жұмысына маңыз беруі тиіс. Енді Үкіметке бұл бағытта алдағы үш жылда 58 млрд. теңге бөлуді тапсырамын», – деді Мемлекет басшысы.
«Жан-жағың аман болсын» дейді қазақ басқаға ақжарма тілегін арнағанда. Ендеше, Қазақстанның әрбір тұрғыны келешекке кедергісіз ұмтылуы керек.
Қадыр Әбдірахманов,
Сарқан аудандық мәслихатының хатшысы