БАЛАЛАР ҚҰҚЫҒЫ БАСТЫ НАЗАРДА

     Жуырда аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында Сарқан ауданы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті.

     Жиынды комиссия төрағасы Алмас Байғонысов ашып, отырысқа аудандық прокуратура өкілдері, комиссия мүшелері, өзге де мүдделі сала мамандары қатысты. Күн тәртібінде бірқатар мәселелер қаралды. Оның ішінде ащы суға үйір болып, балаларының болашағына бей-жай қарайтын азаматша А-ның мәселесі ортаға салынды. Аталған мәселе бойынша аудандық полиция бөлімінің қызметкері Назиля Сапаргалиева баяндама жасаса, жоғарыда аты аталған ананың балалары оқитын Н.Островский атындағы мектеп-лицейдің мұғалімдері өз ойларымен бөлісті. Ащы суды серік еткен азаматша А үйіне бөтен жандарды ертіп келіп, балаларының өміріне қауіп төндіретіндігі, жасөспірімдердің қараусыз, аш-жалаңаш қалатындығы отырыс барысында айтылып, аталмыш ананы арнайы орталықта мәжбүрлі түрде емдеуге жіберу жайы сөз болды. Ортаға шыққан азаматшаға комиссия мүшелері сұрақтар қойып, мәселенің мәнін ашуға, байыбына баруға әрекеттенді.

     Үміт пен күдік алмасқан, балалардың тағдыры шешілген сәтте комиссия төрағасы Алмас Ажарханұлының ұсынысымен түзелуге уәде берген азаматшаға тағы бір мүмкіндік, соңғы кешірім берілді.

     Бұдан кейін мүмкіндігі шектеулі ерекше назарды қажет ететін балалардың құқықтары мен заңды мүдделері аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Бекжан Асылхановтың баяндамасына арқау болды. Аталмыш бөлім тарапынан мүмкіндігі шектеулі балаларға көрсетілетін әлеуметтік қызметтер турасында жан-жақты айтып өткен Бекжан Досымбекұлы ерекше қоғам өкілдеріне әрқашан айрықша назар аударылатындығын жеткізді.

     Ал кәмелетке толмағандардың бос уақытын ұтымды пайдалану бойынша жасөспірімдерге арнайы байқаулар жүргізу туралы аудандық Жастар ресурстық орталығының қызметкері, Н.Островский атындағы мектеп-лицейінің менторы Ақкүміс Төлеубек айтып өтті. Жыл басынан бері осынау топқа жататын сала өкілдерінің уақытын тиімді пайдалануға ықпал ету мақсатында ресурстық орталық тарапынан көптеген шаралар ұйымдастырылғандығын айтқан Ақкүміс Сәбитқызы алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын таба беретіндігін жеткізді.

     Күн тәртібіндегі соңғы мәселе ағымдағы жылдың 18 тамызындағы аудан прокуратурасының ұсынуында көрсетілген кемшіліктер бойынша, аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссиясының қызметіне зерделеу жұмыстарын жүргізу туралы Олжас Шүкірбаев көпшілік алдында баяндама жасады. Олжас Нұрғожыұлы жалпы комиссия жұмысы, атқарылған шаралар, комиссияның жаңарған құрамы, алдағы жұмыс жоспары жайында толыққанды мәлімет берді.

     Басқосуды Алмас Ажарханұлы жауапты сала мамандарына нақты тапсырмалар беріп, жоғарыда аталған мәселелер бойынша жұмысты ширату керектігін айтып қорытындылады.

Өз тілшіміз.

Мәліметпен бөлісу: