Бар жақсылық — балаларға

1 маусым-Дүниежүзілік балаларды қорғау күні. Шуағы молынан шашылатын жайдары жаздың алғашқы күні тойланатын аталмыш мерекені бүлдіршіндердің асыға күтетіні сөзсіз. Осынау күн – балалардың көңілді мерекесі ғана емес, сондай-ақ жеткіншектердің құқығын есіне салатын, әлеуметтік, отбасылық қатынастардың қалыптасуына игі ықпалын тигізетін мереке болуымен құнды.

М.Тынышбаев атындағы орталық алаңда ертемен әуелеген көңілді әуендер бұл күні барша сарқандық балдырғандарды өзіне шақырды. Мереке мақсаты жас буынның өздерін әрдайым қамқорлықта екенін сезіндіру, балалық шақтарын бақытты өткізуге, егемен елінің парасатты азаматы болуға баулу, бір-біріне деген қамқор пейілдерін арттыра отырып, достыққа, бірлікке тәрбиелеу. Өн бойынан осындай жақсылық есетін, ешқандай ресмилік сезілмейтін мейрам өз бастауын түрлі сындарда саңлақ шыққан жеткіншектердің көңілді шеру тартуынан алды. Халықаралық, Республикалық, облыстық білім, спорт, мәдениет, әдебиет сынды салаларда алтыннан алқа тағынып, күміске қол созған дарындылар дәріптелді көпшілік алдында, мектеп мерейі асқақтады бір сәтке. Аудандық білім шаңырақтарының өнерлі шәкірттерінің арнайы концерттік бағдарламасы өз көрерменін баурап, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.  Шара барысында түрлі спорттық сайыстар ұйымдастырылып, жеңімпаз жеткіншектер марапат көрді. Сарқан қалалық әкімшілігінің және аудандық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының демеушілігімен бүлдіршіндерге тегін балмұздақтар таратылды.

Өз тілшіміз

Мәліметпен бөлісу: