28 маусым күні аудан әкімі Талғат Қайнарбеков «Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне» орай, аудандық газеттің журналисттер қауымын қабылдап, кәсіби мерекелерімен құттықтады.
— Бүгінгі күні еліміздің бұқа-ралық ақпарат құралдары азаматтық қоғамның құрамдас бөлшегі ретінде билік пен бұқараның арасындағы дәнекер ғана емес, еліміздің толағай табыстары мен зор жетістіктерінің жаршысы болып келеді,- деді Талғат Қанатұлы. — Еліміздің руханиятын, мәдениетін көтеріп, тыныс-тіршілігін көрсетіп, жағымды жаңалықтармен сүйіншілейтін біздің ең жақын серігіміз «Сарқан» газеті ауданымыздың рухани шамшырағы, ғұмыр айнасы екені баршамызға белгілі. Аудан көлемінде болып жатқан саяси-мерекелік шаралар мен игілікті істердің еш кідіріссіз газет бетінде жарық көруі тұрғындарды ерекше ықыласқа бөлейді. Ауданымыздың тілшілер қауымы қоғам тарапынан артылған маңызды жауапкершілікті абыроймен атқаруда. Сіздер арқылы аудан халқы тың жаңалықтар мен қажетті ақпарат алады. Еліміздің татулығы мен тұрақтылығының өрістеп-өрлеуінің қарқынын паш ететін журналистер қашанда құрметке лайық.
Аудан басшысы билік пен бұқара халықтың арасын жалғап жүрген БАҚ өкілдерінің әр қайсысына жылы лебізін арнап, Алғыс хатын табыс етті.
Сол күні «Сарқан» газетінің жауапты хатшысы Жақсылық Игманов Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың Алғыс хатымен марапатталды.
Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.