«Бастау» жұмысын бастады

Кәсіпкерлер үшін жағымды жаңалық. Алматы облысында Үкіметтің «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасы аясында тұрғындарды «Бастау» жобасымен оқыту өз жұмысын бастады. Бизнес әліппесін, кәсіпкерлік негіздерін үйрететін берекелі бастамамен алғашында өңіріміздегі 16 ауданнан 864 адам дәріс алмақшы. Жаңалықты әсіресе шалғайдағы ауылдықтардың қуана қабылдағандығы сөзсіз. Сарқандықтар үшін бұл өз күшін сынап көрудің таптырмас мүмкіндігі. Қазіргі таңда ауданымызда бірінші лекпен 30 жан тиісті дәріс тыңдау үстінде.

Үстіміздегі жылы облыс бойынша 3 мыңның үстінде, ал ауданымыз бойынша 160 адамды оқыту жоспарда бар.  «Бастау» жобасына қатысушылардың сондай –ақ 6 % үстемемен 18 млн. теңгеге дейін несие алу мүмкіндігі бар. Аталмыш жобамен оқуға өтінішті жұмыссыздармен қатар кәсібінің керегесін кеңейтемін деуші кәсіпкерлер де бере алады. Тиісті өтінішті аудандық жұмыспен қамту орталығына беруге сол арқылы тестілеуге қатысуға, нәтижесімен оқуға тіркелуге болатындығын ескертеміз. Бір айға созылатын оқу барысында тыңдаушыларына шәкіртақы төленетіндігін де айта кеткеніміз артық емес.

Жақында оқу мүмкіндігіне ие болған 30 жанмен мүдделі тараптардың кездесуі болып өтті. Шараға «Абдрахимов» шаруа қожалығының басшысы, аудандық кәсіпкерлер кеңесінің төрағасы Мират Абдрахимов, аудандық кәсіпкерлік бөлімі басшысының міндетін атқарушы Марат Тәжиев, аудандық жұмыспен қамту орталығының басшысы Мадияр Қожахметов, кәсіпкерлер палатасы Алматы облысы Сарқан аудандық филиалының директоры Айдос Смайл және бизнес-тренер Әсет Джексемба  қатысып, дәріс тыңдаушыларға сәттілік тіледі. Ұйымдастырушылардың жоспарында дәріс тыңдаушыларды нақты кәсіпкерлердің шаруашылықтарымен таныстыру да бар.

 

П.Жеңісханұлы.

Мәліметпен бөлісу: