
2014 жылдан бері 23 маусым — Елімізде мемлекеттік қызметшілер күні тойланып келеді. 2003 жылдың наурызында БҰҰ Бас Ассамблеясы 23 маусымды Мемлекеттік қызмет күні деп жариялаған қарар қабылдаған. Бұл тәжірибе Қазақстанға 10 жылдан кейін енгізілді.
Президент Жарлығымен 2013 жылы 23 маусым Қазақстанда да Мемлекеттік қызметшілер күні болып бекітілді. 2014 жылдан бастап бұл күн кәсіби мереке ретінде атап өтіле бастады.
Жалпы 0оғам дамуының барлық саласында түбегейлі өзгерістер жүзеге асуда. Соның ішінде мемлекеттік органдардың тиімді жүйесі мен құрылымы жасалып, мемлекетті басқарудың ұтымды үлгісі іске қосылды. Мемлекеттік кадр саясатын қалыптастыру, халықтың мемлекеттік қызмет түрлеріне қолжетімділігін арттыру бағытында игі бастамалар жүзеге асырылуда. Шынында да, мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасы — мемлекеттік органдардың жұмысын бағалаудың басты өлшемі болып табылады.
Мемлекеттік қызмет қоғам мен мемлекет тарапынан жауапкершілік жүктейді. Мемлекеттік қызметшілердің моральдық-әдептілік бейнесіне жоғары талаптар қойылады. Сондықтан олар өзінің барлық күш-жігерін, білімі мен тәжірибесін кәсіби қызметіне жұмсауға міндетті.
Бүгінде мемлекеттік қызметшілердің жұмысы, іс-әрекеті мен қызметтік әдебі үнемі бақылауда. Олар әдеп кодексінің талаптарын сақтап, тәртіптік теріс қылықтарға жол бермеу керек. Бәсекеге қабілетті мемлекеттік қызмет жүйесінің қалыптасуында мемлекеттік қызметшілердің кәсібилігімен қатар олардың әдептілігі де маңызды. Себебі, әдептілік – мемлекеттік қызметтің басты ұстанымдарының бірі. Мемлекеттік қызметшілердің өздері қабылдайтын шешімдердің заңдылығын, әділдігін және ашықтығын қамтамасыз ету, өзінің қызметтік жағдайын пайдаланбау, азаматтармен қарым-қатынаста сыпайылық пен әдептілікті және ресми мінез-құлық қағидаларын ұстану қажет. Өз кезегінде мемлекеттік қызметшілердің халықпен өзара қарым-қатынасының негізгі көрсеткіші – мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасы. Мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру бойынша тұрақты түрде шаралар қабылдау, халықтың сұранысына бағдарлануына тиіс. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілер қызметтен тыс уақытта да, әлеуметтік желілерді пайдалану кезінде жалпы қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын ұстануға, адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен қадір-қасиетін құрметтеуге, өзге желі пайдаланушылармен сөйлесу кезінде сыпайылық танытуға, шындыққа сәйкес келмейтін ақпараттарды таратпауға, өзінің іс-әрекетімен қоғам тарапынан айтылатын сынға себепкер болмауға міндетті.
Мемлекеттік қызметшілердің мінез-құлық стандарттардың сақталуына жүйелі бақылау жүргізу, өз кезегінде мемлекеттік қызметте сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға және мемлекеттік қызмет туралы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнама талаптарының және қызметтік әдеп нормаларының бұзылуының алдын алуына мүмкіндік туғызады.
Әрбір мемлекеттік қызметші алдымен халыққа қызмет етеді. Осыны естен шығармау маңызды. Шешімдердің заңдылығы мен әділдігін қамтамасыз етуге, өзінің іс-әрекеттерімен қоғам тарапынан сынға ұшырамауға, мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтірмеуі керек.
Өңіріміздегі мемлекеттік қызметшілердің кәсібилігі мен табандылығы арқасында алға басып, қарқынды даму үстінде келеміз. Билік пен бұқара арасында аянбай еңбек етіп жүрген әрбір мемлекеттік қызметшіні кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймыз!
Ұлан Ерденбеков,
Сарқан ауданының әкімі аппаратының басшысы, әдеп жөніндегі уәкілі.
