Батан ауылында үш қабатты су жаңа мектеп қолданысқа берілді

Жаңа оқу жылының басталуымен Батан ауылының тұрғындары көптен күткен үлкен қуанышқа кенелді. Үлкен жолдан қалтарыста елеусіздеу жатқан елді мекенде үш қабатты су жаңа мектеп ғимараты қолданысқа берілді. Бұл туралы «Жетісу» газетінің тілшісі хабарлады.

Бұған дейін бұл ауылда орта мектеп болмаған. Батанның балалары көршілес Жамбыл ауылындағы үш ауысымдық білім шаңырағына қатынап оқып келді. Енді ол қиындық артта қалып, олар өз ауылындағы заманауи мектептеалаңсыз білім алады. Елді мекендегі тұңғыш орта мектептің ашылуы жүз жылға жуық тарихы бар ауыл шежіресіне алтын әріппен жазылар тарихи оқиға болды.

Білім күнгі осынау салтанатты шараға аудан әкімі Жандарбек Далабаев қатысып, ұстаздар мен шәкірттердің және тұрғындардың қуанышына ортақтасты. Құттықтау сөзінде аудан басшысы Жандарбек Ермекұлы ауданның білім саласындағы жағдайына тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі індет жағдайына байланысты білім беру үрдісінің ойдағыдай жүруі үшін аудан педагогтарының 99,3 пайызы, білім мекемелеріндегі техникалық қызметкерлердің 93,2 пайызы вакцина алған.

Бүгінде 2800 тұрғыны бар ауылда екі жыл бұрын дәрігерлік амбулатория салынса, енді оның жанынан мектеп бой көтерді. Әлеуметтік маңызы үлкен қос ғимарат орналасқан екі жарым гектар жер телімін ауылдың жомарт азаматы, «Еңбек» шаруа қожалығының төрағасы Ержанов Маруан Ескендірұлы тегін  беріпті. Шағын ауылдың ажарын ашып, ерекше сән берген білім ұясының пайдалануға берілуіне арналған шарадатұрғындар өздерінің ризашылығын білдірді. Құрылысты орындаған ұйым «СП NEFT» ЖШС басшысының орынбасары Амантай Есдулаев мектеп директоры Шолпан Оспановаға нысанның нышан кілтін тапсырды. Аудан әкімі мен Жамбыл ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Толынбеков лентасын қиды. Әжелер шашу шашып, эстрада жұлдыздары Мирас пен Құралай, Тахмина Әшімбекова және аудан өнерпаздары ән-жыр арнады.

Батандағы 450 орындық орта мектеп бес корпустан тұрады. Олар А, Б, В, Г және шеберхана. А ғимаратындағы оқу корпусы үш қабатты. Осында қажетті оқу кабинеттері жабдықталған. Білім алумен қатар оқушылардың дене шынықтыруына, бос уақыттарын тиімді өткізуіне де барынша  жағдай жасалған. Стадионы бар, спорттық жаттығу құралдары орнатылып, футбол, баскетбол және волейбол алаңдары жабдықталған. Жаңа мектепте қазір 435 оқушы, 50 мұғалім бар.

Мектеп ғимаратына республикалық бюджеттен бір миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Құрылысына тапсырыс беруші мекеме – аудандық құрылыс бөлімі. Нысанды Нұрлан Қадырбеков басшылық ететін«СП NEFT» ЖШС бас мердігер ұйым өткен жылғы шілдеде бастап, биылғы оқу жылына дейін сапалы салып бітірді. Жобалаушы – «ҚазНұр Жобалау-құрылыс институты» ЖШС ұжымы. Жаңа нысанның бой көтеруінде сондай-ақ оған техникалық қадағалауды жүргізген  «Нұрәлем-Құрылыс» ЖШС мамандарының да үлесі бар. Білім мекемесінің жер телімі 2,200 гектар аумақты алып жатыр.

Білім күні Қарасай ауданындағы 55 мектепте алғашқы қоңырау соғылып,ондағы 72550 оқушы жаңа оқу жылын дәстүрлі форматта бастады. Оның ішінде 8 мыңнан астам бүлдіршін 1-сынып табалдырығын аттады.

Серік САТЫБАЛДИЕВ

Батан ауылы,

Қарасай ауданы

Алматы облысы

Мәліметпен бөлісу: