Қазақстандық әйелдер соғыстың салмағын өзгелермен бірдей көтерді. Зардабын бірдей тартып, азабын бірдей арқалады. «Қырман басып, егін сап, арба айдаған» тылдағы әйел басқа түскен қиындыққа мойымай, ер-азаматтың орнын жоқтатпады. Соғыс боздақтардың қыршын ғұмырымен бірге түтінін өшірмеген әйелдердің, жесірлердің төзімін сынады.

Елімізде соғыс қаупі төнген шақта-ақ әйелдерге ерлер мамандығын үйрететін курстар ашыла бастаған. Оған 16 жастан жоғары ұл-қыздарды тартып, механизаторлар дайындайтын курстарға оқыта бастады. Механизатор мамандығын меңгерген Амангелді ауылының тұрғыны Таласбаева Ырыс (1920-2007) апамыз да майданға кеткен ерлердің орнын басып, колхоз даласында жер жыртып, егін салыпты.
Өз ісін жетік меңгерген Ырыс апаны 1942 жылы Краснодар өлкесіне еңбек майданына жібереді. Өзіне сеніп тапсырған тракторымен Сарқаннан Молалы станциясына жетеді. Ол жерде тракторды жүк поезына тиеп Ташкент қаласына, одан ары Түркіменстанның Красноводск портты қаласына жеткізеді.Красноводскіден Каспий теңізі арқылы тракторды тиеп, Әзірбайжанның астанасы Бакуға жеткізеді.
Осы жерде Ырыс апа бір оқиғаны есіне алады: «Паромда тракторымды айдап кіргізерде артқы дөңгелегі суға түсіп кетіп, сумен борттың арасында асылып қалдым. Ішінде өзім отырмын. Суға кеткен жерім осы екен деп іштей қатты қорықтым. Бірақ бағыма қарай кран табылып,судан шығарды»,- деп сол ауыр күндерді еске алады. Ол кезде оның жасы небәрі 22-де ғана болатын.
Содан Бакуден поезға қайта тиеліп Сталинградқа жетеді,одан әрі трактор тиелген эшалонды Краснодар өлкесіне жеткізеді. Сол жерде көктемде неміс фашистерінің қолында қалып, немістер еккен егінді жинауға тура келеді. Қасына көмекші етіп 18-19 жастағы орыстың қызын беріпті. 2 жыл сол қызды механизатор мамандығына үйретіп, 1943 жылдың қысында көктемгі егінге техникаларын әзірлеп, жау тастап, шашылып жатқан техникалардан тағы бір трактор құрастырып алады.
-«Көктемгі жер жырту кезінде соқамызға өліктер ілігіп қалған кездері де болды.Адам бойы бәріне де үйренеді, екен»,- деп Ырыс апа басынан кешкен күндерін еске алушы еді. 1944 жылы қайтадан елге ораларда Сталинградтың соғыстан кейінгі бүлінген кейпін көргенін жыр қылып айтатын.
Ырыс апаның әңгімесінен шынында да майдандағы ерлікпен тылдағы ерліктің егіз екендігіне көзіміз жетеді.Осындай апаларымыздың ерен еңбегінің арқасында майдандағылар қару-жарақ, соғыс техникалары, киім-кешек,тамақ тағы басқа да қажетті бұйымдармен қамтамасыз етіліп отырды. Ұлы Жеңіске осылайша әркім өз үлесін қосты.
А.Богдан,
Жетісу орта мектебінің мұғалімі.