Ортамызда жүрген Алатаудай қарияларымыздың бір кезде елі, халқы, келешек ұрпағы үшін жасаған игі істері қашанда құрметке лайық. Қазіргі кезде біздің мемлекетімізде қарттарға үлкен мән беріп, көңіл аударып, жан- жақты қамқорлық жасалуда. Қазақстанның өсіп-өркендеуіне, еліміздің бейбітшілікте, ынтымақта өмір кешуі өз үлестерін қосқан осы ардақты да аяулы қарттарымыздың арқасы. Зейнет демалысына шықса да қол қусырып отырмай ауданның тыныс-тіршілігін ұдайы сезініп, соған сай үн қосып жүрген ардагерлеріміздің бойындағы бай тәжірибе мен өнегені бүгінгі жас өркенге үлгі етудің маңызы айрықша.
Жуырда Сарқан қалалық ардагерлер ұйымы төрағасы Тлеубаев Баймаман Мырзақұлұлы 2016-17 жылдар аралығында аталмыш ұйымның атқарған іс-шараларына тоқталып өтті. Есептік жиынға аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Қ.Жанасбеков, қала әкімінің орынбасары А.Тукушев, аудандық әжелер алқасының төрайымы Ш.Асқарғалиева және бастауыш ардагерлер ұйымдарының төрағалары мен төрайымдары қатысты. Баймаман Мырзақұлұлы баяндамасында Елбасымыз Н.Назарбаев өзінің «Ұлы дала ұлағаты» кітабында «Қарияларымыз халқымыздың қиядағыны шалатын қырағы жанары, қоғамымыздың қадірлісі, қазынасы» деп айтқандай біздің қарт-ардагерлеріміз «Ата-баба дәстүрі ұрпаққа аманат» атты жас буынды ұлттық нақышта тәрбиелеуге бағытталған тәрбиелік мәні зор бағдарлама негізінде көптеген іс-шаралар өткізілгендігін, Ұлы Отан соғысы, тыл ардагерлеріне көмек пен құрмет көрсетіп, аудан, қала көлемінде өтіп жатқан іс-шаралардың бәріне біздің ардагерлер өз деңгейінде үлес қосқандығына тоқталды. Ұрпаққа берілер ұлағатты тәлім-тәрбие осы қазыналы ардагерлеріміздің бойынан табылады дей келе баяндамашы бастауыш ардагерлер ұйымдарының төрағалары мен төрайымдары К.Колубекова, Р.Абильдаева, Р.Бояринова, Р.Алиева, Г.Нижникова, К.Иманмолдин, К.Марданова, К.Таймасова, Т.Тлеубаева, Қ.Кожесбаев, Ф.Каниева, К.Қалиева қатарлы жас буын тәрбиесі мен өңірімізде өткен шапағатты шаралардың мағыналы өтуіне белсене ат салысқан ардагерлерге алғысын білдірді.
Жиын соңында аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Қадыл Тұрысбекұлы қалалық ардагерлер ұйымының төрағасын Баймаман Мырзақұлұлын және Күлшарбан Мырзабайқызын қалалық әжелер алқасының төрайымы лауазымдарына ұсынды. Ұсынысты бастауыш ардагерлер ұйым төрағалары мен төрайымдары бірауыздан қолдап, жұмыстарына сәттілік тіледі.
К.Қалиева,
қалалық әжелер алқасының төрайымы.