
Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев «Айбын-2026» XII Халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынында жүлдегер атанған жетісулық оқушыларды марапаттады. Талдықорған қаласында өткен бұл салтанатты жиынға 200-ден астам кадет сыныптарының тәрбиеленушілері мен әскери-патриоттық клубтардың мүшелері қатысты, — деп хабарлайды Жетісу облысы сәкімінің баспасөз қызметі.
Облыс әкімдігінің фойесінде әскери-патриоттық клуб тәрбиеленушілері жетістіктерінің көрмесі ұйымдастырылды. Онда өңір басшысына клуб мүшелері өздері дайындаған RESQBOT роботының жұмыс істеу тәсілін таныстырды. Сол сияқты оқушылар АК-74 автоматын толық емес бөлшектеу және жинау шеберліктерін көрсетті.
Кездесу барысында облыс әкімі «Жетісу тарландары» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушілері мен жетекшілерін халықаралық жарыстағы жетістіктерімен құттықтап, ризашылығын білдірді.
— Бұл — ең алдымен, жастарымыздың табандылығы мен жігерінің, ұстаздар мен жаттықтырушылардың кәсіби еңбегінің және ата-аналардың сенімі мен қолдауының жемісі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әскери-патриоттық тәрбие елдің қорғаныс қабілетін нығайтудың және жастарды азаматтық жауапкершілікке тәрбиелеудің маңызды бағыты екенін атап өтті. Әскери-патриоттық қозғалысты дамыту — мемлекеттік саясаттың басым міндеттерінің бірі. Бұл ретте жастардың әскери-патриоттық бағытқа қызығушылығы артып, жүргізіліп жатқан жұмыстар өз тиімділігін көрсетуде, — деген Бейбіт Исабаев Жетісу жастарының әсіресе робототехника және инновациялық технологиялар бойынша білім алып, заманауи технологияларды меңгеруіне кеңінен жағдай жасау қажеттігін айтты. Осы орайда білім басқармасына тәрбиеленушілердің инженерлік ойлау қабілетін, техникалық шығармашылығын, цифрлық сауаттылығын арттыру мақсатында облыс орталығында жұмыс істейтін «Smart Sarbaz» сияқты үйірмелерді Текелі қаласы мен барлық аудан орталықтарында ашуды тапсырды.
Жеңімпаз команда мүшелерімен әңгімелескен Бейбіт Исабаев осындай биік нәтижелерді сақтап тұру үшін үздіксіз жаттығып, тұрақты дайындықты жалғастыру керектігін, мұндай шеберлік алдағы уақытта үлкен өмір жолында азамат болып қалыптасуларына оң ықпалын тигізетінін айтты.
Осы жиында «Жетісу тарландары» клубының мүшелеріне, команда жетекшілері мен тәлімгерлеріне облыс әкімінің Алғыс хаты мен естелік сыйлықтар тапсырылды.
Кездесуге келген жас өрендер өз ой-пікірлерін білдірді.
— Мен бұл байқауға биыл екінші рет қатыстым. Жарыс өте жоғары деңгейде өтті, қарсыластарымыз мықты болды. Жыл бойғы жаттығуларымыздың физикалық жағынан мықты болуымызға көп көмегі тиді. Турникке тартылу, автоматты шашып, жинаудағы жылдамдықты арттыру, басқа да шеберлігіміз барған сайын шыңдала түсуде. Оған қоса әскери жаттығу Отанға деген сүйіспеншілігімізді арттыратынын да сезіндік, — дейді № 4 орта мектептің 11 сынып оқушысы Марат Мақсатұлы.
— «Айбын-2026» Халықаралық жастар жиынына 5 мемлекеттен және еліміздің барлық облыс-қалаларынан 52 команда, яғни 1 мыңға жуық оқушы қатысты. Біздің жетісулық команданың құрамында Талдықорған қаласынан 12 оқушы, Қаратал, Көксу, Ескелі аудандарынын 1-1 оқушыдан – жалпы саны 15 жас барды. Былтыр жалпыкомандалық есепте 4-ші орын алғанбыз. Сол кезде жіберілген қателіктерімізбен көбірек жұмыс істеп, жарысқа 1 жылға жуық уақыт дайындалдық. Сөйтіп биыл 1-ші орынға қол жеткіздік. Әсіресе, әскери робототехникадан, зияткерлік ойынынан, арқаға жатып денені көтеруден бәрінен үздік шықтық. Енді келесі жылғы жарысқа дайындықты қазірден бастаймыз, — дейді «Жетісу тарландары» әскери-патриоттық клубының жетекшісі, М. Ломоносов атындағы № 5 мектеп-лицейінің алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің оқытушы-ұйымдастырушысы, майор Нұрсұлтан Демеуғалиев.
Еске салсақ, 21–27 маусым аралығында Ақмола облысының Щучинск қаласындағы Ш. Уәлиханов атындағы Әскери колледжге қарасты «Амандық» оқу полигонында «Айбын-2026» XII Халықаралық әскери-патриоттық жастар жиыны өткен болатын. Онда облыстың «Жетісу тарландары» әскери-патриоттық клубының командасы жүлделі 1-орын алды.
Атап өтсек, Жетісуда әскери-патриоттық қозғалысты дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, облыс алғаш бөлінгенде өңірде 246 әскери-патриоттық бағыттағы клуб жұмыс істеп, оларда 9 748 бала қамтылған еді. Ал бүгінгі күнде әскери-патриоттық клубтар саны 299-ға жетіп, оларда 12 545 бала тәрбиеленіп отыр.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Дмитрий Ерофеев, сол сияқты бірқатар фотосуреттерді облыстық білім басқармасы ұсынды.
