
Бүгін Мемлекеттік қызметшілер күніне орай облыс әкімі Бейбіт Исабаев бірнеше қызметкерді марапаттады. Сол сияқты жас мамандар салтанатты түрде ант берді, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Мемлекеттік қызметшілерді кәсіби мерекесімен құттықтаған өңір басшысы:
— Мемлекеттік қызметте қай кезде де адалдық пен біліктілік – мансаптық ілгерілеуге жол ашатын негізгі алғышарт. Сондықтан ең бастысы, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамашылдығымен енгізілген «Заң мен тәртіп», «Адал азамат – Адал еңбек — Адал табыс», «Таза Қазақстан» тұжырымдары мемлекеттік қызметшілердің басты ұстанымы болуы тиіс. Өңірде меритократия қағидаты 70% шамасында, кадрлардың ауысымдылығы небәрі 3%-ды құрайды, яғни республика көлемінде Жетісу облысында кадр тұрақтылығы жоғары деңгейде сақталып отыр. Облысты дамыту жолындағы қажырлы еңбектеріңіз үшін бәріңізге ризашылығымды білдіремін, – деді Б. Исабаев.

Осы салтанатты жиында мемлекеттік қызметтегі ұзақ жылғы қажырлы еңбегі үшін Көксу ауданы әкімі аппаратының басшысы Жанар Кубиеваға Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгісі, Ақсу ауданының кәсіпкерлік және туризм бөлімінің бас маманы Сәуле Сабырбаеваға, Кербұлақ ауданы кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Бибігүл Албанбекова, Талдықорған қаласының қаржы бөлімінің басшысы Мадина Ибрагимова «Мемлекеттік қызмет ардагері» төсбелгісі берілді. Сол сияқты тағы бірқатар мемлекеттік қызметшілерге облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты тапсырылды.
Мұнан соң биыл іріктеудің бірнеше сатысынан сүрінбей өтіп, мемлекеттік қызметке алғаш рет қызметке тұрған мамандар салтанатты түрде ант берді.
Осы күні марапатқа ие болғандар арасында туристерді судан құтқаруға қатысқан мемлекеттік қызметші Жандос Сақаев та бар. Ол жуырда өткен мемлекеттік қызметшілер арасындағы облыстық спартакиадада жүзу спортынан бірінші орын алған.

— Мемлекеттік қызметті 2020 жылы бастадым, қазір туған жерім Алакөл ауданы Ырғайты ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманымын. Биылғы 15 маусымда бізге телефон қоңырауы түсті, онда қатты желдің салдарынан 4 туристің көлдің ортасына қарай жылжып кеткенін жеткізді. Арнайы жасақ қызметкері екеуміз көп ойланып тұрмастан, көлдің ортасындағы туристерге жүзіп бардық. Екеуін жағаға алып шыққан соң құтқарушы жилетін алып қалған екі адамға қайта бардық. Сол уақытта Төтенше жағдайлар құтқарушылары келіп, туристерді аман-есен жағаға алып шықты. Жалпы мемлекеттік қызметкер барлық жағдайға дайын болуы керек, шұғыл шешім қабылдай алуы тиіс, — дейді Ж. Сақаев.
Салтанатты түрде ант берген жастардың бірі Әлия Қатарбекова:
— Мемлекеттік қызмет – аса жауапты іс. Жуырда облыстық жер қатынастары басқармасына бас маман болып жұмысқа тұрдым. Бүгін жас кадр ретінде ел алдында адал қызмет етуге ант бердік. Осы салаға өзінің бар білімімді, қажыр-қайратымды жұмсаймын деп сендіремін, — деді ол.
Осы орайда атап өтсек, өңірлік кадр резервіндегі 20 жас қызметшінің 11-і әр түрлі деңгейдегі лауазымдарды атқаруда.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Дмитрий Ерофеев.
