Бейбітшілік — адамзаттың асыл құндылықтарының бірі

Адамзат өмір бойы тыныштықта, мәңгілік бейбіт өмір сүруді армандайды. Бірақ нақты өмірде оған ешқашан толық қол жеткізген емес.

Бейбітшілікті сақтау, соғысты болдырмау, бейбітшілік үшін күресу — ХХІ ғасырдың да өзекті мәселелерінің бірі болып, мұраға қалдырылды. Халықаралық қоғамдастық бейбітшілікті сондықтан жалпы адамзаттың құндылықтар қатарына қосып отыр.

Әрбір сауатты, саналы, парасатты деген азамат бір сәт артымызға ата-бабамыздың жүріп өткен жолына ой жіберіп қарайық. Қазақ халқының жер бетінде ұлт ретінде жойылып кету қаупі неше дүркін қайталанды. Десекте, бір жеңнен қол шығарып, еліміз бен жерімізді сыртқы жаулардан азат ету жолында ерен ерліктер көрсетті, ақыры бүгінгі тәуелсіздікке ұласты.

Бейбітшілікке, бейбіт тыныш өмірге ұмтылу – қазақ халқының қанына сіңген асыл қасиеттерінің бірі. «Сырт көз – сыншы» деген ғой. Арғы-бергі заманда қазақ жерінде болған саяхатшылар, ғалымдар, дипломаттар қазақ халқының меймандос, сабырлы, момын, ешкімге жамандық, қаскөйлік жасамайтын халық екенін, қазақ елі ежелден бейбітшілік сүйгіш ел, өз бетінше ешкімге ұрынбаған, соғыс ашпаған ел екенін сүйсіне жазған. Тәуелсіздікке қол жеткен тұста, елдің бетке ұстар азаматтарының қажырлы, табанды еңбегінің арқасында біз осы асыл қасиетімізді тағы да бір дәлелдеп, оны бүкіл әлемге паш ете білдік. 

Мәліметпен бөлісу: