Бекзада болмыс иесі

Жылдар өте Роза Шыныбекқызы қызмет баспалдағымен өрледі. Аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары  болып қызмет атқарды.

Негізгі бағыт-бағдары әлеуметтік сала болғандықтан ауданның таусылып бітпейтін шаруаларының арасында жүріп отбасымызбен араластық. Сонда барып Розаның бойындағы мейірімділік анасынан, жігерлілік әкесінен дарығанын білдік. Біздің кейіпкеріміздің бойындағы жақсы қасиеттердің барлығы бүгінгі күні қызы Гаухардан табылады. Дінтанушы мамандығын игеріп, Алматы қалалық әкімшілігінде білікті маман ретінде танылған Гаухардың анасы сынды абырой асқарынан көрінуі сөзсіз.

Розаның анасы Шакария Нұртөлеуова шын мәнінде бекзада болмыс иесі еді. Жаны жайсаң жақсылардың сынығы еді ол кісі. Майда қоңыр мінезімен бізді де құшағына тартты. 1917 жылы Шұбартау ауданы №9 ауылында дүниеге келген ол жаңа бойжетіп келе жатқан шағында елдің аузына ілінген жас кеңес үкіметінің көзі ашық белсендісі  Шыныбек Керімбекұлымен бас қосады. Екеуара үйлесімді отбасыдан 10 бала дүниеге келсе де оның 6-уы ғана тірі қалыпты.

Шакария ананың еңбекқорлығы, қайсарлығы асыл тегіне қатысты. Атасы Байғамыт XIX  ғасырда екі рет Меккеге барған қажы болыпты. Анасы Кәшім Оразалықызы Кереку өңіріндегі өте ауқатты отбасынан шыққан. Сауатты, парасатты Шакария ана бала бағып қана отырмай, атқару комитетінде маман, балабақша меңгерушісі қызметтерін атқарған.

Біз көргенде аты  аңызға айналған отағасы Шыныбек Керімбекұлы о дүниелік болған. Дегенмен үлкен шаңырақтың түтінін түзу шығарып отырған Шакария анамызбен әңгімелесіп, кісілік болмысына ден қойған болатынбыз. Арғы-бергі тарихтан хабары мол әзиз ана балаларының, туыстарының, бүкіл әулетінің қамқоры, жанашыры ретінде қара шаңырақтың алтын діңгегіне айналғаны анық.

Шакария ананың тірлік сапары  90 жасқа келгенде шектелді. Соңында балалары, 11 немересі, 20 шөбересі, бауырлары қалды. Бұл кісінің бауыры Рақым Байғамытов жалғыз ұлы қайтпас сапарға аттанған әпкесінің тірегіне айналды. Лепсіде де, Талдықорған, Алматыда да жанынан табылып, осы шаңырақтың бір уығы болып,  мырзапейілді Шакария ананың алғысын арқалады. Қалған  бауырлары да ата-бабасының жолымен Меккеге барып, қажылық парызын өтеп, ұрпақтарын үздік үлгімен тәрбиелеуде.

Біз сөз басында айтқан Шыныбек  Керімбекұлы Теңізбаев 1910 жылы Шұбартау ауданының №3 ауылында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік педагогикалық техникумды бітіріп, 1931-1935 жылдары Бөрлітөбе ауданының халық соты болып тағайындалған оның төңірегінде аңызға бергісіз әңгімелер аз емес. Қараңғы қазақтың құқығын қорғап, әлеуметтік теңсіздіктің алдын алуда осындай жүректі, ұлтжанды азаматтардың жүргені бізге өнеге сынды. Халық сотындағы қызметін мінсіз атқарған ол 1935-1941  жылдары  Бөрлітөбе ауданының атқару комитетінің жауапты хатшысы, аудандық сауда және әскери бөлімдердің меңгерушісі қызметтерін атқарады. Ұлы Отан соғысында  елін-жерін қорғауға бір адамдай атсалысқан Шыныбек Керімбекұлы 1944-1946 жылдары Бөрлітөбе ауданының әскери бөлімінің меңгерушісі лауазымында болды.

Соғыс жеңіспен аяқталды. Бірақ соғыс салған ауыртпалықты жеңу оңай болған жоқ. Бұл орайда көзін ашқалы бері елі мен жерінің келешегі үшін еңбек еткен Шыныбек Керімбекұлының иығындағы жүк те аз емес еді. 1946-1950 жылдары Қарабұлақ қант зауыты партия комитетінің хатшысы, қант зауыты басшысының орынбасары болып, Талдықорған кірпіш зауытының бастығы лауазымында, 1950-1954 жылдары Бөрлітөбе ауданы Ерікті совхозының басшысы лауазымында, 1954-1960 жылдары Бөрлітөбе ауданы Қызылбалық колхозының басшысы лауазымында жүріп, ел ауыртпалығын біліктілігімен көтере білді.

1960 жылдан 1970 жылға дейін Шыныбек ақсақал қызметтен қол үзген жоқ. Лепсі кенті атқару кеңесінің басшысы, Лепсі кенті тұрмыстық комбинаттың басшысы, Құрақсу совхозы басшысының орынбасары, балық инспекторы, Лепсі кенті мұнай базасының басшысы қызметтерінде абырой асқарынан төмендеп көрген жоқ.

Шакария анамыз екеуінен өрбіген 6 баладан ұрпақ бар. Әкесінің жолын жалғастыруға талпынған жалғыз ұлының жол апатынан опат болғанын, әрине, отбасы ғана емес, бүкіл лепсіліктер үлкен өкінішпен еске алады. Садырбек Шыныбекұлы Алматы зоовет институтын бітіріп,  аудандық ауыл шаруашылық басқармасының бастығының орынбасары лауазымында жүргенде 1983 жылы 7 шілдеде жол апатына ұшырады. Соңында ұлы Қанатбек қалды. 

Бұл әңгіме үлкен шаңырақтың алтын діңгегіне айналған Шакария анамыз туралы пікір-пайымымыздан туындап отыр. Кейінгілер үлгі алатын, өнеге тұтатын әулеттер айналамызда аз емес.

Мәліметпен бөлісу: