Берекелі әрі әділетті қоғам әрбірімізден бастау алады

      Еліміздің өсуіне, өркендеуіне мүмкіндік бермейтін сыбайлас жемқорлықпен күрес қазіргі таңда мемлекеттік саясаттың басым бағыттары болып табылады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жемқорлықтың барлық түрімен ымырасыз күрес – мемлекетіміздің одан әрі дамуының басымдығы. Парақорлық, тамыр-таныстық, қоңырау шалу арқылы мәселе шешу және тағы басқа келеңсіздіктер жылдар бойы азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сеніміне селкеу түсіргенін білесіздер. Осы орайда халықтың әділдікке деген үміті азая бастады,- деген болатын. Өз сөзінде Президент жемқорлыққа итермелейтін жүйелі себептер мен жағдайларды жою аса маңызды екенін атай келе, жоғары лауазымды тұлғалар арасындағы сыбайлас жемқорлықты анықтауға және оның жолын кесуге баса мән бердің маңыздылығын тілге тиек еткен болатын.

Соңғы кездері білім, спорт, құрылыс саласындағы жүйелі жемқорлық көпшілікті қатты алаңдатуда. Биыл Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасымен бюджет процестерін автоматтандыруға, Қазынашылықты білім беру мекемелерінің есеп жүйелерімен интеграциялауға, төлем құжаттарына қол қою кезінде биометрияны пайдалануға бағытталған цифрлық шешімдер енгізіліп, кеселдің жолын кесуге біршама батыл қадамдар жасалды.

      Сондай-ақ өзіміздің өңірімізде де осынау кеселдің алдын алу жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда аудан әкімдігінің жанында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссиясы құрылып, комиссияның биылғы жылға жұмыс жоспары 2023 жылдың 27 желтоқсанында бекітілген болатын. Осы орайда комиссия тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталсақ.

      Адалдық пен парасаттылық қағидаттарын нығайту мақсатында «Парасаттылық пен адалдық – сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың басты бағыттары» атты акциясы аясында Сарқан ауданы бойынша іс-шаралар жоспары құрылып, жоспар аясында түрлі деңгейде  48 іс-шара өткізілді. Атап айтсақ, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында заңнама талаптарын сақтаудың маңыздылығы туралы -7 дөңгелек үстел, ауылдық округ әкімдерімен-8 семинар, мемлекеттік қызметшілермен12 семинар өткізілді. Сонымен қатар, 97 мемлекеттік қызметшілер арасында сауалнама өткізілді. 2024 жылы 30 мамыр күні ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің тапсырмасымен  «Халық заңгері» жалпы республикалық акциясы өткізіліп,  заңгерлер заң аясында халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Жыл сайынғы Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне объективтілік, сенімділік, айқындық, жан-жақтылық қағидаттарына ішкі талдау жүргізіледі.

       Аудан бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы- 27билборд ілініп, әр мемлекеттік мекемелердің қабырғаларында «Пара беру бостандықтан айырады және бұлыңғыр болашақ» тақырыбында98 плакат ілінді.

       Өңірдегі мемлекеттік қызметшілердің адалдық пен парасаттылық қағидаларын ұстануы бойынша пікірін көрсететін халықпен, жастармен, ардагерлермен, мәдени қызметкерлермен 2 әлеуметтік интервью жазылып, 8 видеоролик әлеуметтік желіге шығарылды.

Жалпы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, көзделген мақсаттарға қол жеткізу үшін жұмыстың орындалуы тұрақты бақылауда екенін атап өткім келеді.

      Салдарымен емес себебімен күресу қашанда жеңілірек. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, ағарту шаралары жүйелі түрде жүзеге асуда. Аудан халқының құқықтық мәдениетін арттыру, қоғамда сыбайлас жемқорлық пен құқық бұзушылықтың алдын алу, құқық бұзушылықтарға «нөлдік» төзімділікті қалыптастыру мақсатында біршама жұмыстар ұйымдастырылып өткізілуде. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету, жалпықоғамдық төзбеушілікті қалыптастыру мақсатында бірқатар ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

     Биыл БАҚ қызметкерлерін марапаттау рәсімінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы барлық деңгейде қарқынды жұмыс қолға алынғандығын айта келе «Біз әр салада заң үстемдігін қамтамасыз ету үшін нақты шаралар қабылдап жатырмыз. Қазақстан – құқықтық мемлекет. Ал кез келген құқықтық мемлекетте азаматтар мен институттардың барлығы заңдарды, ережелер мен нормаларды мүлтіксіз сақтауға тиіс. Қоғамдағы қарама-қайшылықтар мен келіспеушіліктер ұлттық заңнамаға және негізгі халықаралық нормаларға сәйкес шешілуі керек. Бұл – мен үшін мызғымас ұстаным. Сонда ғана біз берекелі және әділетті қоғам құрамыз. Сондықтан Заң мен тәртіп қағидатын баршаға және әрбір адамға бірдей мүмкіндік беретін Әділетті Қазақстанды құру үшін берік іргетас деп қараған жөн. Біз, ең алдымен, жемқорлықты түбірімен жоюымыз керек. Мен осы мәселеге айрықша мән беремін. Біз қоғамда бұл кеселдің бар екенін жасырмаймыз. Қайталап айтамын: жемқорлық – кесел. Біз тұтас қоғам болып оған қарсы тұруымыз керек. Сонда ғана нәтиже болады», — деген болатын Мемлекет басшысы. Осы орайда аталмыш кеселге қоғам болып қарсы тұрудың кез келген шарадан нәтижелі болатындығын баса айтқым келеді. Әрбір саналы адам қоғамдағы бармақ басты, көз қыстылыққа қарсы тұрса Әділетті Қазақстанның берік іргетасы қаланар еді. 

Асхат Қалиасқаров,

Сарқан ауданы әкімінің міндетін атқарушы.

Мәліметпен бөлісу: