Бибігүл Жексенбай: Жолдау – елдің болашағын айқындайтын стратегиялық құжат

Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы Қазақстан халқына Жолдауындағы негізгі басымдықтарға тоқталды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.

Депутаттың айтуынша, биылғы Жолдау дәстүрлі үндеу ғана емес, елдің даму бағытын айқындайтын стратегиялық бағдарлама:

«Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауы – нақты тапсырмалар мен ұлттық идеяларды тоғыстыратын маңызды құжат. Ол Қазақстанның болашағы үшін жаңа технологиялық және әлеуметтік бағыттарды қамтиды», – деді Бибігүл Жексенбай.

Сенатордың пікірінше, Жолдауда ерекше мән берілген цифрландыру мен жасанды интеллект – жаңа ұлттың тірегі:

«Президент цифрландыруды технологиялық үрдіс ретінде ғана емес, ұлттық мүдде мен экономикалық қауіпсіздіктің негізгі факторы ретінде көрсетті. Бұл қадам Қазақстанды инновациялық дамуда алдыңғы қатарға шығаруға мүмкіндік береді. Сингапур мен Оңтүстік Кореяның тәжірибесі соның дәлелі», – деді ол.

Бибігүл Жексенбай білім мен кадр саясатына назар аударды:

«Жолдауда жоғары білімді мамандарды елде қалдыру, шетелдік білікті кадрларды тарту міндеті айқындалды. Бәсекеге қабілетті еңбек нарығы, әділ жалақы – мемлекеттің де, азаматтың да болашағына сенімділік сыйлайды», – деді сенатор.

Сонымен бірге, Мемлекет басшысының бір палаталы Парламент құру туралы ұсынысына да пікір білдірді:

«Парламенттің бір палаталы жүйесін талқылауға шығару – демократияны дамытуға бағытталған батыл қадам. Мұндай үлгі тиімді шешім қабылдауға мүмкіндік береді және қоғамдық диалогты күшейтеді», – деді депутат.

Сөз соңында ол Жолдаудың стратегиялық мәнін атап өтті:

«Жолдау – тек міндеттер жиынтығы емес, ол ұлттық идеяға сүйенген стратегиялық бағыт. Онда цифрлық даму, білім, еңбек, саяси жүйе сияқты барлық салалар қамтылған. Әр тапсырма нақты іске асқанда ғана Қазақстан жаңа биіктерге көтеріледі», – деді Бибігүл Жексенбай.

Мәліметпен бөлісу: