Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасын және сыбайлас жемқорлыққа қарсы новеллаларды түсіндіру мақсатында Алматы облысы бойынша Антикоррупциялық қызмет облыстық білім басқармасының қызметкерлерімен кездесу өткізді.
Мемлекетке қызмет ету – үлкен жауапкершілік. Сондықтан заңнамамен мемлекеттік қызметшілердің қызметі мен мәртебесі егжей-тегжейлі реттеліп, оларға қатысты көптеген тыйымдар мен шектеулер белгіленеді. Осындай шектеулердің бірі – кәсіпкерлік қызметке тыйым салу.
«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 154 бабына сәйкес мемлекеттік қызметшілерге кәсіпкерлік қызметпен айналысуға және коммерциялық ұйымды басқаруға қатысуға тыйым салынады.
Бірақ заңға немқұрайлылық таныту мектеп директорлары мен мекеме басшылары арасында жиі кездеседі. Ағымдағы жылдың 17 мамырындағы жағдай бойынша Алматы облысында 23 мектеп директоры мен 4 білім беру мекемесінің басшысы мемлекеттік қызмет туралы заңды бұзған.
Осыған орай, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің Алматы облысы бойынша департаментімен мекеме басшыларына және білім беру саласының қызметкерлеріне әкімшілік сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша, оның ішінде ҚР ӘҚБтК-нің 154, 676, 677, 678, 680 және 681 баптарына сәйкес түсініктемелер берілді. Кездесу барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыру және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою мәселелері талқыланды. Сондай-ақ білім беру ұйымдары деңгейіндегі сыбайлас жемқорлық мәселелері, білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлық көріністерін жоюдың жолдары мен әдістері қаралды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ағарту және оған қарсы дүниетанымды қалыптастыру бойынша түсіндіру жұмыстары өмірдің әртүрлі салаларында сыбайлас жемқорлықты тудыратын себептер мен жағдайларды барынша азайту жөніндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттік саясаттың бір бөлігі болып табылады.