Жаһандық экономикада ағымдағы «коронакризиске» байланысты едәуір өзгерістер орын алуда. Оның бір айқын дәлелі әлем бойынша тікелей шетелдік инвестициялар көлемінің қысқаруы. Мысалы, инвестициялық тартылымдығы жоғары Еуропаның 47 елінде жоспарланған 6 мыңнан астам жобалардың тек 65% мерзімдеріне сәйкес жүзеге асырылса, қалған 35% уақытша тоқтатылып, тіпті мүлдем жүзеге аспай қалуы мүмкін.
Салыстырмалы түрде алғанда Орталық Азия елдеріндегі жағдай қалыпты, әрі өсім көрсету әлеуеті сақталған. Осындай оң тенденция біздің елде де байқалуда. Мәселен, «Finprom.kz» ақпараттық порталының мәліметтеріне сәйкес Қазақстанға ағымдағы жылы тартылған шетелдік инвестициялардың жалпы көлемі 3,6 млрд. АҚШ долларын құрады. Олардың ішінде салымдардың негізгі бөлігі Нидерланд, АҚШ және Ресейге тиесілі. Сонымен бірге, «Moody’s и FitchRatings» рейтингтік агенттігі Қазақстанның рейтингін инвестициялық сенімді деңгейінде растады. Демек, елімізде экономиканы жандандыру бағытында қабылданып жатқан шаралардың оң бағасын беруге негіз бар.
Сырттан тартылған және ішкі ресурстардың арқасында салымдар бойынша көрсеткіші жоғары секторлар қатарында білім беру саласының нәтижелері бірігей. 2018 жылдан бері инвестициялар көлемі бойынша өсім көрсетпеген білім саласына инвесторлардың қызығушылығының артуының себебі ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруда мемлекеттік-жекешелік әріптестік қағидаттарына негізделген механизмді кеңінен қолдану болып табылады. Ағымдағы жылдың қаңтар-қыркүйек айларының қорытындысы бойынша қарқынды өсім көрсеткен бұл салаға 143,5 млрд. теңге инвестиция тартылып, өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 27% артып отыр.
Осындай оң бетбұрысқа білім саласын жетелеген аталмыш механизмнің басты мақсаты мемлекеттің қолдауымен кәсіпкерлерге білім саласын кеңінен игеруі арқылы халыққа ұсынатын қызмет көрсетудің сапасын арттыру. Бүгінде мемлекет пен жеке сектордың ынтымақтастығының негізінде өңірлерде 14 мыңнан астам оқушыға арналған 40 жекеменшік мектеп мен 11 мың төсек — орынға шақталған 44 студенттік жатақханалар бой көтерді.
Дағдарыс жағдайында жаңа нарықтар мен жобаларға ізденіс үстіндегі инвесторлар мен кәсіпкерлерге осы әріптестіктің қаншалықты тиімді екенін, жатақханалар салу жобасы арқылы көрсетуге болады.
Жалпы мемлекет жатақхана салуға дайын кәсіпкерлерге кешенді қолдау көрсетуге әзір. Оның саяси негізі екі жыл бұрын Елбасының Бес әлеуметтік бастамасында қаланған болатын. 2018 жылдан бастау алған механизмге инвесторларды кеңінен тарту міндетін орындау үшін әр түрлі жаңашылдықтар да енгізілу үстінде.
Қаржылық қолдау шараларының ішіндегі негізгісі – мақсатты мемлекеттік тапсырысты орналастыру. Мемлекеттік тапсырыс соммасы айлық есептік көрсеткішке тәуелді, әрі жыл сайын 4-5% артып отырады. Ағымдағы жылдың жағдайында 1 студентке арналған төлемнің көлемі 400 мың теңгеге дейінгі сомманы құрайды. Бұдан бөлек, механизм шеңберінде құрылысы үшін жер телімдерімен қамтамасыз ету, жобалық-сметалық құжаттамаларды ұсыну, банкті несиенің пайызын жеңілдету бойынша өзге де қолдау тетіктері қарастырылған.
Мемлекеттікқолдау құралы | Мерзімі | Шарттары |
Мақсатты мемлекеттік тапсырысты орналастыру | 8 жыл бойы | 1 студентке 122/144 айлық есептік көрсеткіш, студенттердің қолданысқа берілген жатақханада тұруы міндетті. Алғашқы 12 ай төлем арттырушы коэффициент негізінде төленеді, жазғы демалыс кезеңіне де төлемдер қарастырылған |
Оқу орындарымен консорциум құру арқылы инвестиция көлемін оңтайландыру | Мерзімі шексіз | Әріптестіктің барлық шарттары консорционалдық келісімде бекітіледі. Келісім шеңберінде жобаны жер телімімен немесе қосымша қаржымен қамтамасыз етуге қол жеткізуге болады |
Жер телімдерін жеңілдетілген негізде ұсыну | Меншікке немесе жалға рәсімдеуге байланысты | Өңірлік әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялар арқылы, жергілікті мемлекеттік — жекешелік әріптестік жобалары аясында |
Типтік жобалық-сметалық құжаттаманы ұсыну | 2021 жылдан бастап, жарамдылығы орта есеппен 5 жыл | Типтік жобалық-сметалық құжаттаманы Қазақстанның барлық 4 климаттық аймағына қолдану мүмкіндігі |
Банктік несиенің пайыздық мөлшерлемесін арзандату | 7 жылға дейін | «Қарапайым заттар экономикасы», «Бизнестің жол картасы – 2025» «Даму» қоры бағдарламалары аясында арқылы |
Пандемияға байланысты қашықтықтан оқыту кезінде мемлекеттік тапсырысты орналастыру | Қашықтықтан оқыту аяқталғанға дейін | Төлемдер жатақхананың жобалық қуаттылығына сәйкес жүргізіледі |
Нәтижесінде екі жылдың төңірегінде іске қосылған жатақханалардың 27-сі немесе орындардың жалпы санының 35% жеке сектордың инвестицияларының арқасында пайда болды.
Бірақ, жоғары қарқынға қарамастан жатақханаға деген сұраныстың әлі де толық қамтылмағанын атап өткен жөн. Қазіргі уақыттың өзінде 68 мыңнан астам студенттер жатақханаға мұқтаж. Орта есеппен бір жатақхана 500 орынға арналса, тапшылықты жою үшін шамамен 136 объектіні іске қосу қажет. Сонымен қатар, алдағы 10-15 жылдың барысында студенттер контигентінің 27%-дық өсімі болжануда. Демек, 2030 жылы еліміздегі студенттер саны 1,5 есе артып 364 мың адамды құрайды. Яғни, бұл көрсеткіштер болашақта жатақханаға деген сұраныстың арта түсуінің тағы да бір айқын дәлелі.
Бүгінде бағдарлама өз жалғасын табуда. Жобаға қызығушылық танытқан инвесторлар Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Қаржы орталығына хабарласа отырып, толық ақпаратпен таныса алады.
Байланыс мәліметтері: 8 (7172) 695-127, 8 (705) 198-01-01, жобаның сайты — studdom.fincenter.kz, telegram-арнасы — invest.fincenter.kz.
«Қаржы орталығы» АҚ