Бір партиялы Парламент: саяси жаңғыру да қажет

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауы ел болашағы жолындағы өзекті бастамаларға толы болды. Күнде түрленген әлемдік геосаяси жағдайлар мен құбылмалы һәм сипаты бөлек халықаралық қақтығыстар бейбітшілік пен келісімді ту еткен Қазақстанның жаһандық үдеріс жағдайына түрлене түсуіне жол ашады. Әсілінде, әлемдік құқықтық һәм адами құндылықтарға көзқарастар алпауыт елдер арасында жиі өзгеріп отырғанмен жер шарындағы тоғызыншы территория жаңа даму даңғылына бағыт алып, сол жолда үнемі жаңғырып, заң мен тәртіп, адами құндылық тұрғысындағы үдерісін үзбей келеді. Саяси жаңғырудың жаңа сатысына көтерілген елімізде тың өзгеріс орын алмақ.

Биылғы Жолдауында ел Президенті заң шығарушы органның түбегейлі трансформациялануынан бастап, «бір палаталы Парламент» ұсынысын енгізді. Әрине, билік бастауы – халық. Ал халықсыз саяси жаңғыру орын алмасын да еске салып, жалпыхалықтық референдум өтетінін ақжолтайлады.

Хош, Президент ұсынды. Әрі жүзеге асыру биліктің барлық сатысы мен халық құзыретінде. Реформа асығыс жүзеге аспайды. Түрлі мінберде таразыланып, жан-жақты талқыға түседі. Әлемдік тәжірибе де електен өткізіліп, тозығы қалыс қалып, озығы қолданысқа енеді. Бұл да Қазақстанның өз демократиялық көші барын, сол көште халықтың үні мен құқығы бәрінен биік екенін анық байқатады.

Мемлекет басшысы ұсынғандай, Парламент бір палаталы болған тұста біршама ұтымды жағдаяттар орын алады. Заңдарды қарау һәм қабылдау барысы барынша қарапайым болмақ. Қазір елімізде тиісті министрлік Заң жобасын әзірлейді, Парламент Мәжілісі алдында қорғайды, төменгі палата мақұлдаса, Парламент Сенатына өтеді. Мақұлсыз, қайта толықтыру қажет болғанда кері қайтарылады. Мәжілісмендер кем-құтығы толықтырылған құқықтық норманы жоғарғы палата қолдағаннан кейін ел Президенті қол қояды. Шыны керек, күнде түрленген қоғамдық талап жаңа Заңдар мен бұрыннан бар Заңдардың ұзақ әрі сиырқұйымшақтық әдіске салынғанын құп көрмейді. Қазір заң шығарушы органның жұмысына ілкімділік керек. Яғни, шапшаңдық һәм тиімділік. Мұнан өзге, оңтайлылық бюджет қалтасына түсер шығынды азайту. Қос палата мемлекеттік қаржы қазынасына үлкен салмақ түсіріп тұр. Мұны мойындауымыз керек. Бір палаталы Парламент жүйесін құрар болсақ, жоғарғы палатаның әкімшілік және депутаттық шығындары жойылады. Парламенттің шығыны азаяды. Үшінші жайт, елімізде заң шығарушы орган – мекеме. Екеуі де бір құзырет арқалап отыр. «Екі кеме ұстағанның суға кететіні» анық. Демек, Бір палата – бір Парламент заң шығаруда жалғыз жауапты «мекеме» болмақ.

Әрине, көпшілікте сауал болуы заңды. Неліктен Қазақстан бір палаталы Парламент жүйесіне ертерек көшпеді? Осынша тиімділік бола тұра заң шығаруда шапшаңдықты, бюджет шығындарын азайтуды неге ерте қолға алмады? Қырғыз Республикасы 2007 жылы бір палаталы Парламент негізіне көшті емес пе? Заңды һәм көкейкесті сұрақ. Бұл ретте Заң шығарушы органның, ел билігінің өз тәуекелі болды. Бір палаталы Парламент құру идеясы бұған дейін бірнеше мәрте көтерілді. Талқыға да түсті. Таразыласақ, бір палаталы Парламенттің де өз тәуекелдері бар. Мәселен, Заңдарды жасақтау және қайта қарауда кейде асығыстық болмауы тиіс. Әбден зерделеніп, толықтырылып, қателіктерге бой алдырмауда жоғарғы палата үлкен миссия атқарды. Сенат жойылғанда мұндай функция болмайды. Биліктің бір партияға жұмылдырылу қауіпі де жоқ емес. Өйткені, Мемлекет басшысы бір палаталы Парламент халықтық мақұлдаудан өтсе партиялық тізіммен жасақтауды ұсынды. Қандай партия көп дауыс алса, сол саяси құрылымның мүшелері Парламент тізгінін ұстайды деген сөз. Мұндайда заң қабылдау шапшаң жүзеге асқанымен халықтық бақылаусыз қабылдану ықтималдығы жоғары. Үшінші жағдай, Парламент Сенаты тек заң шығарушы орган болған жоқ, аймақтардың үні болды. Яғни, жоғарғы палатадағы депутаттар өңірлердегі мәслихаттардың таңдауымен сайланған, өңірдің мүддесін қорғаушы болды. Бұл функция Сенатсыз әлсіреуі де ықтимал.

Партиялық тізіммен бір палаталы Парламентті жасақтау демократиялық үннің әлсіреуіне септесуі мүмкін. Әрине, қоғамдық ой иесі, көптің сөзін сөйлеп жүрген халық белсендісі партия құрамында болмауы мүмкін. Дейтұрғанмен халықтың қолдауы мен ықыласы бола тұра мұндай тұлғалар тасада қалмағаны да абзал. Парламенттік жүйесі бір палаталы мемлекеттердің саны басым. Шамамен 100-ден аса мемлекет бір палаталы Парламент жүйесін құрған. Жоғарыда айтқанымыздай, Қырғыз Республикасы 2007 жылы Конституциялық реформа нәтижесінде Парламенті бір палаталы болып бекітілді. Жогорғы Кеңеш 90 депутаттан жасақталған. Алғашында Қырғыз Парламенті аралас жүйе негізін таңдады. Яғни, депутаттары жеке кандидаттар мен партиялық тізім арқылы халық сайлауымен қызметке кірісті. Кейінгі реформалар негізінде мұндағы Парламенттік сайлау партиялық тізімге негізделді. Партиялардың Парламентке өту шегі – халықтың 7 пайыз дауысы. Қырғыз Республикасының саяси жүйесі аңғартқандай, партиялық тізіммен сайлану қиындықтар туындатты. Биліктің партияларға тәуелділігі артты. Аймақтық өкілдіктер әлсіреді. Партиялық тізім болған соң партияның жетекшілері кімнің және қай өңірден депутат сайланатынын өздері шешті. Нәтижесінде кей өңірдің үні Парламентке жетпейтін жағдайлар орын алды. Бұл шын мәнінде партияның саяси монополияға иелік ететінін аңғартады.

Венгрия бір палаталы Парламент негізін 2012 жылы Конституция қабылданғанда таңдады. Бірақ, сайлау жүйесі аралас, партиялық тізім мен бірмандаттық округтер негізінде Парламентке 199 депутат сайланады. Бірақ, бұл елдің тәжірибесі көрсеткендей, биліктің бір топқа концентрациясы мен оппозицияның рөлі шектелуімен ерекшеленді. Әрине, бір палаталы Парламентте пікір алуандығы болуы керек. Бұл жүйеге тәуелсіз институттар ауадай қажет. Бір палаталы Парламент жүйесіне өткен елдер қатарында озық жетістікке жеткен Жаңа Зеландия мен Швеция десек, артық айтпағандық. Саяси институттардың мүмкіндігін пайдаланған Жаңа Зеландия Жоғарғы палатаның тиімділігі төмен деген сыннан соң тарқатылды. Парламент мінберінде 120 депутат бар. Олар аралас пропорционалдық сайлау жүйесімен халық қалаулысы атанды. Яғни, Парламент партиялық тізіммен және жеке округтен сайлану арқылы жасақталды. Нәтижесінде Парламент аралас пропорционалды сайлау жүйесі негізінде демократиялық һәм аймақтық мүддені толық қамтуда. Дәл осындай негіз Швецияда да жасақталған. Мұндағы артықшылық Парламент ішіндегі комитеттер мен тәуелсіз институттар қоғам мүддесі үшін жұмылдырылған.

Жоғарыда бір палаталы Парламент негізінде бірнеше мысал айтылды. Қазақстан демократиялық үдеріс пен қоғам талабына сай саяси жүйесі мен биліктің түрлі сатыларын жаңғыртуды үдемелі жүзеге асыруда. Мемлекет басшысы ұсынған бір палаталы Парламент жүйесіне көшу сол жаңғырудың бір жаңғырығы. Дейтұрғанмен бізге әлемдік тәжірибелерді сараптап, озығын тұтыну қажет. Жаңа Зеландияның аралас сайлау жүйесін сақтау арқылы тәуелсіз кандидаттардың һәм оларға сенім білдірген топтың үнін есту мүмкіндігін ескерсек. Швеция үлгісіндегі Парламенттік комитеттердің белсенділігі мен тәуелсіз институттарды күшейту де маңызды. Венгрия тәжірибесіндегідей тек партиялық тізімге арқа сүйеген жүйе билік монополиясының қалыптасуын қамтамасыз ету қаупі бар. Сондықтан саяси тепе-теңдік қалыптастырудың тың тетіктерін қалыптастыру қажет.

Бұл саяси өзгерісті асықпай, жалпыхалықтық талқыға салып жүзеге асыратынымызды ескерсек, «Келісіп пішкен тон келте болмас» демекші әлі де жан-жақты пікірлерге құлақ түргеніміз жөн. Әлем елдерінің тәжірибелерін таразылап, ел мүддесі жолында еңбек еткеніміз абзал.

Қорыта айтқанда, бір палаталы Парламент құру бүгін көтеріліп отырған мәселе емес. Бұған дейін бірнеше мәрте талқыға түсті. Бірақ, тап қазір Мемлекет басшысының ұсынуы «Темірді қызған кезінде соқ» тәмсілімен астасып жатқандай. Парламент Сенаты осы уақытқа дейін, шыны керек, әлі де ауқымды міндет атқарып келеді. Дегенмен, елдегі саяси үдеріске сай Парламент те жаңғыруы керек.

Гүлнар ТОЙЛЫБАЕВА,
облыстық мәслихат төрағасы

Мәліметпен бөлісу: