
Еліміздің өсіп-өркендеуі, баянды болашағы туралы сөз қозғағанда қоғамдық-саяси тұрақтылыққа, онымен терең байланысты ұлтаралық татулыққа соқпай өту әсте мүмкін емес. Біз қаласақ та, қаламасақ та елімізде көптеген ұлт өкілдері ғұмыр кешуде. Сонау аласапыран жылдары елімізге мыңдаған саяси тұтқындар келіп, қоныстанды. Бүгінде қазақ жерін мекен етіп отырған ұлттардың қай-қайсысы да кезінде елімізге жетіскеннен келмеген. Сондықтан біздің берік ұстаным ұлтаралық татулық. Егемендіктің осынау жылдарында этносаралық тату қарым-қатынас пен қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісі қалыптасты. Рас, ұлттар арасында алауыздықты қоздырып, бір-біріне айдап салуға, арандатуға тырысқандар болды, әлі мысықтілеулілер жетерлік. Аумалы-төкпелі заманда, түрлі сипаттағы қақтығыстар көбейген кезеңде бізге, көпұлтты мемлекетке тұрақтылық ауадай қажет-ақ.
Біздің ауданда да мемлекет құраушы – қазақ ұлтымен тату – тәтті ғұмыр кешіп, қоян-қолтық жұмыс жасап жатқан өзге ұлт өкілдері көптеп саналады. Солардың бірі өңіріміздің тумасы Анатолий Андреев. Қарабөгет ауылында кіндік қаны тамған Анатолий қазақ тілінде еркін сөйлейді. Отбасындағы үш баланың үлкені. Мектепте қазақ тілі пәнін жақсы оқыған Анатолий мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеретін сан түрлі байқауларға белсене қатысып, шараларда сөз сөйлеп өзгелерге озық үлгі көрсете білді. Заңгер мамандығын Ресей мемлекетінде оқып алғандығын білгенде «Ол жақта қалғың келген жоқ па?» деген сұрағымызға ойланбастан «Жоқ, туған жерім, өскен елім мен үшін қашанда қымбат!» деген шынайы, риясыз жауапқа ризашылығымызды жасыра алмадық. Рас Анатолийге ол жақта жақсы қызмет, жайлы жағдай ұсынған. Бірақ жүрегі Қазақ топырағында жаралған жігіт ойланбастан Қазақстанға оралған. Бүгінгі күні Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі Үшарал шекара округіне қарасты Басқан шекара бөлімшесінде радиотелефонист қызметін атқаратын біздің кейіпкеріміздің Владимир есімді бауыры қарт Каспиде азаматтық кемеде капитан дәрежесінде еңбек етсе, кенже інісі Никита Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу Университетінде мұғалім мамандығына оқуда. Осылайша бір отбасындағы үш жан егемен елімізде теңдікте өмір сүріп, ортақ отанымыз – Қазақстанымыздың өсіп-өркендеуіне қалтқысыз қызмет етуде деуге толық негіз бар. Мемлекеттік тілге деген құрметін нақты істермен көрсетіп, ұлтаралық татулықты бекемдеуге үлес қосып жүрген осындай өзге де ұлт өкілдері біздің ауданда көптеп саналады. Олар түрлі салаларда жемісті еңбек етіп, өңірдің өркендеуіне өз үлестерін қосуда. Мемлекет басшысы біздің қоғамды ортақ идеалдар мен құндылықтар біріктірген еркін әрі жауапкершілігі мол азаматтардың одағы деп санайды. Біздің кейіпкеріміз Анатолий Андрейұлы бұл сөзге жарқын мысал.
Қасым-Жомарт Тоқаев ағымдағы жылдың 27 сәуір күні өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» атауы аясындағы ХХХІІ сессиясына қатысып, еліміздегі жалпыұлттық тұтастықты нығайту айрықша маңызды екендігін атап өтті.
Қасым-Жомарт Кемелұлының айтуынша, бүгінде азаматтарымыздың бәрі өздерін үлкен әрі біртұтас қазақ отбасының, шын мәнінде, қазақ ұлтының мүшесі сезінеді. -Татулық пен бірлік – табысты мемлекет болудың басты кепілі. Яғни, этносаралық қатынас мәселесіне немқұрайлы қарауға болмайды, этносаралық саясат айрықша назар аударып, ұдайы жетілдіріп отыруды қажет етеді. Шын мәнінде, азаматтардың бірлігін, жалпыұлттық бірегейлікті және еліміздің этноәлеуметтік тұтастығын нығайту жөніндегі іргелі, тіпті қасиетті деп айтуға болатын міндеттерді жүзеге асырмайынша, мемлекеттің бірде-бір стратегиялық міндетінің орындалуы мүмкін емес екенін естен шығармаған жөн, – деп, табысты мемлекет болудың алғышарты ұлтаралық татулықта, ауызбіршілікте, ырысымыздың бастауы – ынтымақта жатқандығын айрықша атап өтті. Кез келген жетістігіміздің негізі ең алдымен, еліміздегі тұрақтылықтың арқасы екені даусыз. Алдағы уақытта одан әрі дамуды мақсат еткен еліміз осынау құндылықты көз қарашығындай қастерлеуі тиіс. Әрқашан ел ішінде ғана емес, әлемде бейбітшілікті, ауызбіршілікті қолдаған елдің ертеңі жарқын болары сөзсіз. Соңғы кездері дүниежүзілік деңгейдегі басқосуларда мемлекетіміздің басшысы осыны үнемі айтар ойының арқауы, сөйлер сөзінің өзегі етуде. Біздің де мақсат осы. Этносаралық мәселелерді әрқашан әділетті түрде шешіп, еліміздегі барша ұлт пен ұлыстың мүдделерін ескеріп, ел егемендігін сақтап, еліміздің дамуына тиімді жағдай жасай алдық. Қасиетті Қазақ жерінде шаңырақ қазақ ұлты болса өзге ұлт өкілдері уық болып қадалып, бірлігімізді бекемдеп, татулығымызды тастай етті. Ең басты байлығымыз да осы деп ойлаймын!
П.ЖЕҢІСХАН.
