Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарайық!


Қазақстан Республикасы – президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет. Конституцияға сәйкес, біздің ел өзін адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандығы ең қымбат қазынасы саналатын демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде танылған. Біз тәуелсіз, реформалары орныққан дамушы елміз, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында атап көрсеткендей, «Күшті Президент — ықпалды Парламент — есеп беретін Үкімет» атты басты бағытты ұстанатын, алға қарай даму жолындамыз. Соңғы бір жылда елімізде болған саяси өзгерістер, атап айтқанда, Жалпыұлттық референдум, кезектен тыс Президент сайлауы, Парламент мәжілісі мен жергілікті деңгейдегі мәслихаттар сайлауы, және ауылдық округ әкімдер сайлау және жақында өңірімізде аудан әкімін алғаш рет халық дауыс беріп сайлайтын күнге де жеттік, осының бәрі «Жаңа Қазақстанды» бірге құру жолындағы нақты қадамдар. Біз үшін ең маңыздысы – әр азаматтың Тәуелсіздік игілігін сезіне алуы. Оның басты көрінісі – елдегі бейбіт өмір, қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштық. Сондай-ақ, халықтың тұрмыс сапасының жақсаруы және жастардың болашаққа нық сеніммен қарауы.Барлық бастамамыз осыған бағытталуда.Біз тұғыры мығым ел болу жолында кедергілерді еңсеріп, қиындықтарды жеңіп келеміз. Мұның бәріне берекелі бірлік пен еселі еңбек арқылы жетеміз. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев алғаш өзінің қызметтік лауазымына келгеннен кейін, бірден елді демократияландыруды қолға алды, билікке халықтың жақындауын басты мақсат етті, «Халық үнін еститін мемлекет» тұжырымдамасы арқылы бүгінгі күні елдің үнін, тілегін, ниетін жоғары билік құрылымы еститін болды. Аудан әкімдері бұрын халық алдында жылына 1 ақ рет есеп беретін болса, қазір тоқсан сайын есеп беріп, облыс әкімдері жарты жыл сайын халық алдына шығып, әрбір халықтың айтқан сөз-пікірінің орындалуы қандай деңгейде екенін негізгі бағытқа алды. Елде қандай өзгерістер болмасын бір мемлекетте өмір сүріп жатқаннан кейін бірлік туын бірге көтеріп, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаруға тиіспіз. Біз дамудың жаңа кезеңіне қадам бастық, қарқынды, жан-жақты жаңару үдерісіне бірге атсалысып, билік институттары мен халық етене жақын, бірлесе жұмыс атқарып, елімізді дамыған, өркендеген, қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған, қарашасы мен ханы тең өмір сүретіндей «Жаңа Қазақстанды» қалыптастыруды жүзеге асыруға қос қолдап атсалысуымыз керек, әсіресе осы саяси өзгерістерге жастар етене атсалысу керек. Өйткені, бұл біздің азаматтық борышымыз деп есептеймін. Осылайша заңдар саяси бәсекелестікті дамытуға және елдің саяси өміріндегі азаматтық қоғамның рөлін арттыруға бағытталған.Жалпы аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерін тікелей сайлау – азаматтардың конституциялық құқықтарын толыққанды іске асырудағы белсенділігін арттыру, халықтың билікке деген сенімін және әкімнің халық алдында есеп беруін күшейтуге, әкімнің халықтың қажеттіліктері мен проблемаларына ден қою жеделдігін арттыру, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын толық көлемде іске асыруға мүмкіндік береді.

Ә. ҚҰРМЕТЖАН,
Шатырбай ауылдық округі әкімі аппаратының
жастар ісі жөніндегі әдіскер-нұсқаушысы.

Мәліметпен бөлісу: