БИЗНЕС ИДЕЯҢДЫ ІСКЕ АСЫРЫП, МЕМЛЕКЕТТЕН ҚОМАҚТЫ ҚАРЖЫ ҰТЫП АЛ

2022 жылдың 8 тамызынан бастап Business.enbek.kz порталында 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде бизнес-идеяларды іске асыру үшін 400 АЕК (1 225 200 теңге) көлеміндегі мемлекеттік гранттар алуға өтінімдер қабылдау басталады. Бұл туралы тамыздың басында Талдықорғанда өткен «Ten qogam» қолдау орталығында Алматы облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бөлімінің бас маманы Ақмейір Абжалиева мәлімдеп, аталған мемлекеттік грант жайлы кеңінен мағлұмат берді.

Мемлекеттік грант – нысаналы мақсаты жаңа бизнесті іске қосу және дамыту болатын өтеусіз берілетін бастапқы капитал.

Әр қатысушы оны тек бір рет қана алады. Гранттар қаражаты ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге өздерінің бизнес-әлеуетін ашуға, өндірісті жолға қоюға және дамытуға, сол арқылы өзін тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Өтінім беру үшін порталда тіркелу;  грант алу шарттарына сәйкестігін тексеруден өту; бизнес-жоспар үлгісін жүктеу, оны толтыру және порталға жүктеу;  өтініш нысанын толтыру және ЭЦҚ кілтімен қол қою қажет.

Интернетке немесе компьютерге қолжетімділік болмаған жағдайда халықты жұмыспен қамту орталықтарының өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарында, Халыққа қызмет көрсету орталықтарында, Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарында өтінім беруге болады.

Грант алу үшін бірқатар шарттарды сақтау қажет. Жаңа бизнес-идеяны іске асыруға мемлекеттік грант алуға үміткерлер келесі азаматтар болуы мүмкін: тіркелген жұмыссыздар; жеке кәсіпкерлер (тіркеу мерзімі 3 жылға дейін); бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер.

Бұл ретте үміткерлер мүгедек адамдар; «қандас» деген қолданыстағы мәртебесі бар адамдар; өңіраралық қоныс аударушылар; аз қамтылған отбасы мүшелері; көпбалалы отбасы мүшесі (жұбайы / зайыбы); мүгедек баланы тәрбиелеп отырған адам (жұбайы / зайыбы); асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар; жастар сияқты әлеуметтік санаттардың бірінде болуы тиіс.

ӨЗ ТІЛШІМІЗ

Алматы облысы

Мәліметпен бөлісу: