Болашақ бүгіннен басталады

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ел тізгінін қолына алғалы мемлекетті басқару ісінде оң өзгерістер орын алды.

Атап айтқанда күшті Президент, ықпалды Парламент, есеп беретін Үкімет қағидасы пайда болды. 2022 жылы республика көлемінде Ата Заңымызға өзгерістер енгізу бойынша референдум өтсе, 20 қарашада халық қалауымен Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 7 жыл мерзімге Қазақстан Республикасының президенті болып сайланды. Республика деңгейінде демократияның жаңа институты Қазақстан халықтық Құрылтайы, облыста, аудандарда қоғамдық кеңестер құрылып, халықтың мүң-мұқтажын билікпен бірлесе отырып талқылап шешудің жолдары табылды.

Саяси реформа дегенде суперпрезиденттік жүйеден президенттік жүйеге ауысу, Конституциялық сот жүйесі, құқықтық органдар реформасы, әр деңгейдегі әкімдер сайлауы ойымызға оралады. Осы реформаларды жүзеге асыруда Президентіміздің аса жоғары дипломатиялық шеберлікпен елді басқарудағы атадан балаға ауысатын тектілігі айқын аңғарылады.

Біз наурыздың 19-ында Парламент Мәжілісінің және мәслихаттарының депутаттарын сайлаймыз. Сайлау жүйесіндегі реформа көпшіліктің қызығушылығын туғызып, бірмандатты округтен саяси додаға қатысатындар саны еселеп артып отыр. Демек ықпалды Парламент құруға, ықпалды мәслихат қалыптастыруға мүмкіндік туады. Таңдаулыларымызды саралай білу «Болашақ бүгіннен басталады» дегендей, Жаңа Қазақстанның үлкен жетістігі болып табылады.

Күлшарбан ҚАЛИЕВА,

Сарқан ауданының Құрметті азаматы.

Мәліметпен бөлісу: