Былғары қолғап түйістірді

Өткен жұмада аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінде Тұңғыш Президент күніне орай бокстан алғаш рет жалпыаудандық ашық турнир ұйымдастырылды. Шараға аудан әкімі Марат Разбеков арнайы қатысып, егемен еліміздің тарихындағы айрықша мейрам-Тұңғыш Президент күнімен жиналғандарды құттықтап, жас спортшыларға сәттілік тіледі.

Былғары қолғап бәсекесінде бағы мен бабын сынауға Кербұлақ, Алакөл, Ақсу, Көксу, Сарқан аудандарының және Қапшағай, Талдықорған қалаларының жас жеткіншектері қатысты.

28-30 қараша күндері аралығында жалауын желбіреткен аталмыш турнирде 2004-2010 жылдары туылған жас жеткіншектер жеңіс үшін барын салды. Ауданда тұңғыш рет ұйымдастырылып тұрса да біздің жасөспірімдеріміз бұл спорт түрінен қарсыластарына тегеурінді тойтарыс беріп қана қоймай көптеген салмақ бойынша жеңіс жалауын желбіретті. Атап айтқанда 22, 24, 26, 32, 34, 36, 38, 40, 42, 44, 48, 50, 52, 60 және 80 келі салмақтар бойынша  саялы өңір саңлақтары үздіктер қатарында аттары аталып, мерейлері үстем болды.

Өз тілшіміз.

 

Мәліметпен бөлісу: