
Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ Жолдауында көрсетілген барлық бағыт ел тағдыры үшін аса маңызды. Солардың бірі – «Экономиканы жан-жақты цифрлық жаңғырту жұмыстары адам капиталын дамытуға қатысты жаңа міндеттер жүктейді» делінген жетінші мәселеге тоқталсақ деймін.
Президент 100 мыңға жуық студентті жоғары технологиялық жобаларға тартуды көздейтін «Al-Sana» бағдарламасы жүзеге асырыла бастағанын, ұстаздардың жасанды интеллект технологиясын меңгеру дағдысын қалыптастыру керек екендігін атап өтті. Осы тұста ұстаздарға артылған жауапкершілік әлдеқайда жоғары.
Елімізге кәсіби даярлығы жоғары, білікті жұмысшылар қажет. Сондықтан 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланды. Қазір елімізде мыңдаған жұмыс орны бос тұр. Алайда бос орындарды шетелден келіп жатқан мамандардың толтыруы бізді алаңдатады. Оның алдын алу үшін жұмысшы мамандықтарына деген құрметті арттыра түсуіміз керек. Ең бірінші, олардың нәтижелі жұмыс істеуіне жайлы жағдай жасап қана қоймай, лайықты жалақы төлеуді басты назарға алғанымыз жөн. Бұл – мемлекет алдында тұрған ең негізгі міндеттің бірі.
Мемлекет әр азаматтың лайықты табыс тауып, сапалы әлеуметтік қызмет алып, ертеңгі күніне сеніммен қарауы үшін барынша жағдай жасап келеді. Қолға алынған барлық реформа бір ғана мақсатты көздейді. Ол – халықтың әл-ауқатын арттыру және елдің жан-жақты өрлеуін қамтамасыз ету. Еліміздің халықаралық беделін арттыру жолындағы күш-жігеріміздің түпкі мәні де – осы. Сондықтан әрбір азамат мемлекетшіл, отаншыл болғаны жөн. Бүгінгі жастар «Елді сүю – халыққа пайдасы тиетін жаңалық ашу, жаңа іс бастау» деп түсінеді. Олар Қазақстанды дамыған, көркейген мемлекет ретінде көргісі келеді. Заманауи технологияларды меңгеріп, халқымызды озық ойлы мемлекеттің қатарына қосуға талпынады. Өскелең ұрпақтың бойындағы патриотизм – болашаққа деген шынайы ұмтылыс. Ендеше, біз ғылым-білімге ұмтылған, елін-жерін көркейтуді ойлаған жастарға әрдайым жан-жақты қолдау көрсетуге міндеттіміз. Ел Президенті қолға алған ауқымды жұмыстың бәрі жастардың жарқын болашағы үшін жасалуда. Өскелең ұрпақ ертең соның игілігін көретіні анық.
Қазір жер жүзінде болып жатқан түбегейлі өзгерістерге жастар тез бейімделеді. Соның ішінде жасанды интеллектінің жаңа дәуірдегі орны ерекше. Хакім Абай «Адамның адамшылығы ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» деп айтқан. Демек, біз әке-шешеден жақсы тәрбие, ұстаздан тәлім, қоғамнан мейірім, қолдау алған мықты қазақ жастарын тәрбиелеуге атсалысайық. Осы жолда бәрімізді қарқынды жұмыс күтіп тұр. Бағдарымыздан айнымай, тек алға қадам басуымыз керек. Себебі Қазақстан жан-жақты, түбегейлі реформалардың нәтижесінде дамудың даңғыл жолына түсіп келеді.
Бақытгүл БАЙЫРБАЕВА,
«Ілияс Жансүгiров атындағы Жетісу университетi» коммерциялық емес акционерлік қоғамы
«Zhansugurov College»-нің тарих пәні оқытушысы