Еліміздің қоғамдық-әлеуметтік өміріне соны серпін әкеліп, қалың бұқараны қуанышқа кенелткен Елбасымыздың биылғы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауы сөзсіз қарапайым халық үшін айрықша ақжолдай жаңалық болды. Биылғы Жолдаудың басты ерекшелігі барша халықтың, оның ішінде әр отбасы, әрбір адамның әл-ауқатын одан әрі көтеруге, осы арқылы әлеуметтің әлеуетін жаңа белеске шығаруды көздеуімен құнды. Егемен еліміздің әрбір тұрғыны жыл құсындай жылылық ала келген Жолдаудан өз саласына қатысты, етене жақын тұстарды іздейтіндігі сөзсіз. Денсаулық саласының өкілі ретінде мен де Елбасымыздың сапалы медициналық қызмет турасындағы толғамдарына аса ыждаһаттылықпен ден қойдым. Қазіргідей күрделі кезеңде әрбір қазақстандық өзінің денсаулығына алаңдайтындығы талассыз. Осы тұста Мемлекет басшысының аталмыш Жолдауда денсаулық саласы мен оның түйткілді түйіндерін шешуге арнайы тоқталуы өте орынды. Өйткені қуатты мемлекеттің негізі қай заманда болмасын оның дені сау ұлтымен қаланатындығы белгілі.
«Медициналық қызмет сапасы халықтың әлеуметтік көңіл-күйінің аса маңызды компоненті болып саналады. Ең алдымен, әсіресе ауылдық жерлерде алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімді болуын қамтамасыз ету қажет. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін қызметкерлерді ынталандыру үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ауруларды емдеу ісін басқарудың жаңа тәсілдерін енгізген учаскелік медицина қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңмен 20 пайызға көбейтуді тапсырамын» деп үкіметке зор жауапкершілік жүктеген Елбасымыз сондай-ақ келер жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық емханалар мен ауруханалар медициналық құжаттарды қағазсыз, цифрлық нұсқада жүргізуге көшуге тиістігін қадап айтты. Бұл өз кезегінде кезектерді, бюрократияны жоюға және ең бастысы қызмет көрсету сапасын жаңа деңгейге көтеруге мол мүмкіндік бермек. Осылайша дамудың даңғыл жолын айқындаған Жолдау толағай істерге берік негіз қалады.
Жамал Доланбаева,
Алмалы ауылдық дәрігерлік амбулаториясының аға медбикесі,
аудандық мәслихаттың депутаты.