Дара дауысты әнші Сара

2022 жылдың 19 қаңтарында Мұқан Төлебаевтың мемориалды музейінде әнші, Қазақ КСР Халық артисі  Сара Тыныштығұлованың 80 жасқа толуына орай «Дара дауысты әнші Сара» атты тақырыпта көрме өткізілді.

Көрмемізге Сара Тыныштығұлованың өмір жолы, шығармашылығы жайлы және қазақ шетел әндерін дәріптеп, насихаттауда аянбай еңбек етіп жүрген кезінде алған марапаттары, афишалары, суреттері, кітаптары, журналдары қойылды. Сара Өрденбайқызы Талдықорған облысы, Бөрлітөбе ауданының Балқаш көліне тақау орналасқан «Лепсі» аталатын шағын шаруашылық жерінде 1942 жылы 1-қаңтарда дүниеге келіп, мектепте оқыды, жастай ән айтуға машықтанды. Сол кездің өзінде  тұлымшағы желбіреген осынау жас қызға оны қоршаған сұлу табиғат  сыбаға – сыйлық тартқан. Оны өнерге деген құштарлығын оятып, әншілік қасиетпен туыстастырған. Жалғыз Сара ғана емес, о шеті мен бұ шетіне  көз жетпес,көгілдір айдынды Балқаш көлінің өңірінде қазақ музыкасының мақтанышы, СССР халық артистері, композиторлары Мұқан Төлебаев пен Еркеғали Рахмадиев туып өскен. Еркеғали мен Сара бүгінде атақты композитор Мұқан Төлебаев атымен аталатын  орта мектебінде  оқыған.

Табиғатынан дарыған әншілік он бір жасар Сараны республикалық пионерлер слетінде лауреат атандырды. Сонда орыс халқының кең тынысты «Отан» әнін нақышына келтіре орындауы оның келешекте биік өнерге жолдама алуына жол ашқандай еді. Эстрада әншісі болуды армандаған Сара 1964 жылы Москвадағы эстрада студиясына оқуға түседі. Мұнда даңқты әнші Сара РСФСР халық артисі И.П.Яунзем қарамағында тәрбиеленді. Әркімге кезіге бермейтін тамаша  ұстаздың тәлімі Сараның өнердегі табыстарына деген үлкен қозғаушы күш, өнегелі мектеп болды.

Латыш қызы Ирма Яунзем кезінде Петроград консерваториясында музыкант – композитор А.Глазунов, атақты әнші И.Ершовтардан оқыған. Ол барлық ұлттардың әнін шырқаған. Ол 1927 жылы Франкфурт – Майндегі халықаралық музыка көрмесінде атақты әнші Әміре Қашаубаевпен бірге сахнаға шықса, 1935 жылы қазақ бұлбұлы Күләш Байсейітовамен табысып, одан «Дударай», «Гәкку» әндерін нотаға түсіріп жаздырған. Эстрада әншісі Сара жастар ансамблі «Гүлдер», «Қазақ – концерті» ұжымында қызмет атқарған шақтарында көп ұлтты Отанымыздың түкпір – түкпірінде Москва, Ленинград, Бельгия, Польша, Финляндия тағы басқа тұрғындары алдында өз ұлтының асқақ өнерін паш етті. Осындай өнерге деген еңбектері  еленіп С.Тыныштығұловаға 1970 жылы Қазақ ССР- нің еңбек сіңірген артисі, ал 1979 жылы Қазақ ССР Халық артисі атақтары берілді.

Музейде ұйымдастырылған көрме-мізде Сара апамыздың өмір жолдарын айғақтайтын экспонаттар негізінде көрермендерге насихатталып түсіндірілді. Табиғат тылсымына әсем әуенмен үн қатқаң әнші Сара апамыз бұдан былайда өнерімен өз елін тамсандыра беретініне жерлестерінің сенімі мол.

С.Джапаров,

Мұқан Төлебаевтың мемориалды

музейінің қор сақтаушысы.

Мәліметпен бөлісу: